Accessibility links

Назарбаевтың баспасөз хатшысы экс-президенттің Түркиядан "демалыстан" оралғанын хабарлады


Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаев.
Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаев.

Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың баспасөз хатшысы Айдос Үкібай Twitter'де Назарбаевтың Түркиядан "демалыстан" оралғанын хабарлады.

"Нұрсұлтан Назарбаев демалыстан оралды, ол Түркияда туыстары мен жақындарының ортасында болды" деп жазды Үкібай.

Баспасөз хатшысы сонымен бірге "демалыс кезінде бірінші президент шетелдің ресми тұлғалары мен бизнес өкілдерімен кездеспегенін" айтты.

Бұған дейін кейбір бейресми ақпарат көздері бұрынғы президент Түркияда ЛДПР партиясының жетекшісі Леонид Слуцкий және өзге де Ресей кәсіпкерлерімен кездескен болуы мүмкін деп жазған.

Нұрсұлтан Назарбаевтың Түркияға барғаны туралы ақпарат туған күні қарсаңында шыққан. ҚазТАГ-тың жазуынша, шілде басында Назарбаев ұшып жүрген мемлекеттік "Беркут" әуе компаниясына тиесілі Airbus A320 Neo ұшағы түріктің Бодрум қаласына қонған.

Соңғы бірнеше айда Назарбаев Түркияға алғаш рет барып отырған жоқ. 9 наурызда экс-президент Антальяда болды.

Қаңтар оқиғасынан кейін Қазақстанда Назарбаевтың ықпалы әлсірегені жайлы хабар жиілеген. Конституцияға түзету енгізу бойынша 5 маусымда өткен референдумнан кейін Нұрсұлтан Назарбаевтың отбасына артықшылықтар мен түрлі жеңілдіктер беріп келген "бірінші президент туралы" заңның күші жойылды.

Қаңтар оқиғасынан кейін Назарбаев алғаш рет көпшілік алдына 18 қаңтарда "қарапайым зейнеткер" ретінде шыққан.

XS
SM
MD
LG