Ресей 2030 жылға дейін Қазақстан, Моңғолия және Қытай аумағында теміржол салуға 30,8 млрд доллар қаражат бөлуі мүмкін. Бұл жөнінде Ресей көлік министрлігінің презентациясына сүйенген "Ведомости" басылымы жазды.
Басылымның хабарлауынша, осы жобаға сәйкес теміржолдың 369 шақырымы Ресейден, үш мың шақырымы Қазақстан, Моңғолия және Қытайдан өтеді. Бұған қоса, Ресеймен шекарада жаңа үш теміржол пункті пайда болады. Әзірге жобаның нақты атауы белгісіз, алайда ақпаратқа қарағанда мәселе "кемінде ірі жеті құрылыс жобасы" жөнінде болып отыр.
Басылымның жазуынша, ірі жобалардың бірі Қытайды Транссібір магистралімен жалғайтын Ресей – Моңғолия - Қытай ірі көлік дәлізі болуы ықтимал.
Тағы бір жоба Моңғолиядағы Зуунбаян станциясынан Қытай шекарасына дейін 226 шақырымға созылатын теміржол салуды қарастырады. Ресей Қазақстанның шығысында Қытай шекарасына жақын жерде 227 шақырымға созылатын Аягөз – Бақты транзит бағытын ашқысы келеді.
Ресей Украинаға басып кіргеннен кейін ЕО және өзге елдер Мәскеуге санкция салған. Соның нәтижесінде Ресей салынған санкциялар саны бойынша Иран, Сирия, Солтүстік Кореядан "басып озды". Еуроодақ өзге шектеулермен қатар Ресейден алтын, көмір, болат, металл әкелуге тыйым салды. Еуроодақ Ресей мұнайы мен мұнай өнімдерінен де біртіндеп бас тартпақ.
Қытй қазіргі кезде Ресейдің ең ірі сауда әріптестерінің бірі болып отыр. Қытай Ресейден негізінен мұнай, табиғи газ, көмір сонымен бірге мыс, отын, теңіз өнімдерін импорттайды.
Соғыс басталғалы бері Еуроодаққа көмір тасымалдауды екі есеге арттырған Қазақстан Еуропа қайта құру және даму банкінен Ресейді айналып өтетін балама бағыттарды дамытуға 105 млн доллар қаржылай көмек алды. Соғысқа дейін Қытай мен Еуроодақ арасындағы жүк тасымалының 95 пайызы Солтүстік дәліз – Қазақстан, Ресей және Беларусь арқылы жүзеге асырылып келген еді.
ПІКІРЛЕР