Accessibility links

Рэпер Скриптонит Алматыдағы концертін Қаңтар құрбандары мен Украинада қаза болғандарды еске алудан бастады


Рэпер Әділ Жәлелов, өнердегі лақап аты Скриптонит.
Рэпер Әділ Жәлелов, өнердегі лақап аты Скриптонит.

Ресейде өнер көрсетіп жүрген, көбіне Скриптонит деген атпен танымал қазақстандық рэпер Әділ Жәлелов 30 шілдеде Алматыдағы концертін Қаңтар құрбандары мен Украинада қаза болғандарды еске алудан бастады.

— Концертті Қаңтар оқиғасы кезінде қаза болғандар мен Украинада опат болғандарды еске алып, бір минут үнсіздікпен бастағым кеп отыр, – деді ол.

Көрермендер оның сөзін қошаметпен қарсы алды.

Скриптонит концерті Алматыда Балуан Шолақ атындағы спорт сарайында өтті. Скриптонит 2021 жылы ресейлік Apple Music сервисінде "жыл әртісі" атанған.

Осыған дейін жұрт Ресейде өнер көрсетіп жүрген қазақстандық шоу-бизнес өкілдерін Ресейдің Украинаға басқыншылығын айыптамады деп сынаған еді.

Бірнеше ай бұрын АҚШ-та тұратын украиндар Ресейде танымал болған комик Нұрлан Сабыровтың Америкадағы концертін өткізбеуді жаппай талап еткен. Сабыров Ресей Украинаға басқыншылық жасаған шақта Америкаға гастрольдік сапармен барған. Чикаго сахнасында тұрып ол Ресей әскерінен құқай көрген украин әйелдеріне қолдау білдірген қыз балаға әзілдеген. Нью-Йоркте көрермендермен дау туындап, наразылық акциясы өткеннен кейін Сабыровтың концертін Израильде ұйымдастырушы компания барлық шараны кейінге қалдырған. Бұған қоса, мамыр айында Қазақстанда өтуі тиіс болған шаралар да "өздеріне тәуелді емес жайттарға байланысты" шегерілді.

Украинадағы соғысқа қарсы екенін осыған дейін әнші Димаш Құдайберген жеткізген. Наурыз айында әншінің Инстаграм парақшасында жарияланған видеода "соғысты бастаған әрбір президент өзінің Құдайдан жоғары емес екенін, өзінің әншейін адам екенін түсінуі тиіс" деген сөз бар. "Бізге бейбітшілік керек!" деген жазу да бар. Онда нақты бір елдің атауы көрсетілмеген, бірақ көбі мәселе Путин мен Украинадағы соғыс туралы болып отыр деп санайды.

Қазақстан қоғамында әншілерді кемінде 238 адамның өмірін қиған Қаңтар оқиғасына қатысты пікірін айтпады деген сын да жиі естіледі.

XS
SM
MD
LG