Accessibility links

АҚШ, Британия мен Франция Ресейді "ядролық қару қолдану жөніндегі риториканы" доғаруға шақырды


Ресейдің әскери теңіз флотының жауынгерлері атом бомбасы бар су асты қайығының теңіге жіберу салтанатында тұр
Ресейдің әскери теңіз флотының жауынгерлері атом бомбасы бар су асты қайығының теңіге жіберу салтанатында тұр

Франция, АҚШ және Британия сыртқы ведомстволарының жетекшілері Ядролық қаруды таратпау туралы келісімнен айнымайтынын мәлімдеп, Ресейді "ядролық қару қолдану туралы қауіпті риториканы доғаруға" және ядролық соғысқа жол бермеуге шақырды.

Олардың бірлескен мәлімдемесі Ядролық қаруды таратпау туралы келісімге қол қойған елдердің 1 тамызда Нью-Йоркте өткен 10 конференциясындағы кездесулерінен кейін әзірленген. Конференцияны ашқан БҰҰ бас хатшысы Антониу Гутерриш "әлем қырғи-қабақ соғысынан бері болмаған ядролық қару қолдану қаупіне душар болып отыр" деп мәлімдеді.

Гутерриш әлемдегі ядролық қаруды толығымен жоюға шақырды. "Ядролық қауіпті сейілту аздық етеді. Оның қолданылмайтынына жалғыз кепіл - ядролық қаруды түбегейлі жою", - деді бас хатшы.

АҚШ президенті Джо Байден Ресей мен Қытайды ядролық қаруды шектейтінін көрсетуге тиіс деді.

"Менің әкімшілігім 2026 жылы мерзімі аяқталатын стратегиялық шабуыл қару-жарақтарын қысқарту туралы келісім (СНВ-ІІІ) орнына қару-жарақты бақылаудың жаңа жүйесін енгізу жөнінде келіссөзге дайын. Бірақ келіссөз өткізу үшін де риясыз серіктес керек", - дейді АҚШ жетекшісі.

Ресей президенті Владимир Путин конференцияға қатысушыларға үндеу жасап, Ресей Ядролық қару таратпау туралы келісімді бекем сақтайтынын, ядролық соғыста жеңімпаз болмайтынын айтты.

  • Ресей Украинаға басып кірген соң Владимир Путин стратегиялық зымыран күштеріне әскери кезекшілік бастауға бұйрық берген. Билік өкілдері мен мемлекеттік БАҚ журналистері Ресейдің Украинамен соғыста ядролық қару пайдалануы мүмкін екенін әлденеше рет емеурінмен білдірген.
  • Ядролық қаруды таратпау туралы келісім жөніндегі конференция бес жылда бір рет өтеді. Оныншы кездесу 2020 жылдың мамырында Нью-Йоркте өтуге тиіс болған, коронавирус індетіне байланысты кейінге қалған.
  • Қазақстан Ядролық қаруды таратпау туралы келісімге 1994 жылы 5 желтоқсанда қол қойған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG