Accessibility links

Қаңтар оқиғасы кезінде азапталған Саят Әділбекке қозғалған қылмыстық іс тоқтатылды


Фотограф Саят Әділбекұлы. Жеке мұрағаттан алынған сурет.
Фотограф Саят Әділбекұлы. Жеке мұрағаттан алынған сурет.

Алматы прокуратурасы Қаңтар оқиғасы кезінде азапталған Саят Әділбекұлына қозғалған қылмыстық істі "қылмыс құрамы дәлелденбегендіктен" тоқтатты.

Қаңтар оқиғасы кезінде ұсталып, кейін қамаудағы азаптаулар туралы баяндаған фотограф Саят Әділбекұлы істің тоқтатылғанын 3 тамызда Фейсбук парақшасында хабарлады.

Алматы прокуратурасының баспасөз қызметі Азаттыққа Әділбекұлының ісі кінәсі дәлелденбегендіктен тоқтатылғанын растады. "Қалған ақпарат қаулыда көрсетілген" деді Алматы прокуратурасының өкілі Бауыржан Тілендинов.

Саят Әділбекұлы Фейсбук жазбасына ведомствоаралық жедел тергеу тобының жетекшісі – Алматының арнайы прокурорлар басқармасының бастығы Қанат Күнғожиновтың қолы бар қаулыны да тіркеген.

Алматы тұрғыны 30 жастағы Саят Әділбекұлы 5 қаңтарда қызына дәрі алу үшін үйінен шыққан кезде оқ жарақатын алған. Артынша оған ауруханада операция жасалған. Бірнеше күннен кейін полицейлер оны толық емделмегеніне қарамастан ауруханадан алып кетіп, тергеу изоляторына қамаған. Әділбекұлы адвокаттары іске араласқаннан кейін қамаудан шықты. Ол негізсіз қамалғанын және 17 күн қамауда болған кезде билік өкілдерінің өзін азаптағанын айтты.

Прокуратура өкілі 3 тамызда Азаттықтың "Әділбекұлының азапталуына қатысты іс қалай жылжып жатыр?" деген сұрағына жауап бермей, ресми сауал жіберуді өтінді.

Видео: "Үстіне қайнаған су құйған". Жаралы жігіттің абақтыда көрген азабы (10 ақпан 2022 жыл).

"Үстіне қайнаған су құйған". Жаралы жігіттің абақтыда көрген азабы
please wait

No media source currently available

0:00 0:03:14 0:00

Қаңтар оқиғасы кезінде және одан кейін азаптауға ұшыраған ондаған адам және олардың туыстары бұған дейін түрлі мекеме алдында наразылық өткізіп, азаптау шағымдарының әділ тергелуін және кінәлілерді жауапқа тартуды талап еткен.

Қаңтарда азапталғанын өзге де ұсталғандар мәлімдеген. Аяусыз соққыға жығылғанын Алматы облысының тұрғыны 37 жастағы Жақсылық Советбеков те айтқан. 37 жастағы Алматы тұрыны Ермек Әбдірешовке оқ тиіп, көзі көрмей қалған. Оқиға кезінде күштік құрылымдар оны да ауруханадан алып кеткен. Құқық қорғаушылар мұндай шағымдар көп түскенін айтады. Ресми мәлімет бойынша, Қаңтар оқиғасы кезінде қаза болған 238 адамның алтауы қамауда азапталғаннан кейін ажал құшқан.

  • 1 тамызда прокуратура өкілдері Қазақстанда Қаңтар оқиғасына байланысты айыпталған 92 адамға түрме жазасы берілгенін хабарлады. 1 тамыз күнгі жағдай бойынша, қамауда шамамен 286 күдікті қалған. Қаңтар оқиғасы бойынша барлығы 474 қылмыстық іс сотқа жіберілген, 717 адам сотталған.
  • Қазақстанда азаптауға байланысты қылмыстық істердің сотқа жететін кезі сирек, айыптау үкім шығатын жағдай да өте аз кездеседі. Басым бөлігі "қылмыс құрамы болмағандықтан" немесе "айғақ жетпегендіктен" тергеу кезінде жабылады.
  • Билік Қаңтар оқиғасында қаза болғандардың аты-жөнін жарияламады және тергеуге халықаралық сарапшыларды тарту туралы үндеуді қабылдаған жоқ.
XS
SM
MD
LG