Accessibility links

Бейнеудегі теміржолшылар ереуілдің 5-күні талаптарының орындалуына қол жеткізді


Бейнеу стансасындағы жалақыны көтеруді талап еткен теміржол жөндеушілер ереуілі. Маңғыстау облысы, 3 тамыз 2022 жыл.
Бейнеу стансасындағы жалақыны көтеруді талап еткен теміржол жөндеушілер ереуілі. Маңғыстау облысы, 3 тамыз 2022 жыл.

Маңғыстау облысындағы Бейнеу стансасында 1 тамыздан бері ереуілдетіп тұрған теміржолшылардың талабы орындалмақ. Бұл туралы Азаттыққа ереуілдеп тұрған жұмысшылардың бірі Жайлаубек Жанбусинов айтты.

Оның сөзінше, теміржолшылардың талаптарының бірі ПЧ-12 Бейнеу дистанциясы жұмыcшылары жалақысын Маңғыстау стансасымен теңестіру туралы басты талаптары орындалғандықтан теміржолшылар дүйсенбі, 8 тамызда жұмыс орындарына оралады.

Ал Бейнеу ауданындағы сот жұмыс берушінің ереуілді заңсыз деп тану туралы арызды өзара бітімгершілікке байланысты тоқтатқан.

Ақпаратты "Қазақстан теміржолының" (ҚТЖ) баспасөз қызметі де растап, арнайы ақпарат таратты. Хабарламада "бір өңірдегі кәсіпорындардың әртүрлі жалақы алып келгені жұмысшылар арасында наразылық тудырғаны» жазылған.

"ҚТЖ 2021 жылы коэффициенттерді теңестіру бойынша жұмыстарға кірісті және биыл 30 маусымда компания коэффициенттің учаскелік түрінен облыстық түріне көшу туралы шешім қабылдады. ҚТЖ жалақы төлеудің жаңа жүйесін 2022 жылы 15 қазанда енгізеді. Бұл өзгеріс бір облыс аумағындағы төмен коэффициент бойынша жалақы алатын 68 мың жұмысшыға қатысты болмақ" делінген баспасөз хабарламасында.

Бейнеу стансасындағы жалақыны көтеріп, жұмыс жағдайын жақсартуды талап еткен теміржолшылар ереуілі 1 тамызда бастаған. Әлеуметтік жағдайларының төмендігін, балаларын несиеге киіндіріп, тамақ алып жүргені айтқан теміржолшылар Бейнеуге ҚТЖ ұлттық компаниясы басқарма төрағасы Нұрлан Сауранбаевтың келуін талап еткен.

"ПЧ -12" мекемесі Маңғыстаудағы 25 теміржол стансасы жолдарын жөндеумен айналысады. Онда 354 адам еңбек етеді.

Бейнеуде жүздеген теміржолшы жалақы өсіруді талап етіп тұр
please wait

No media source currently available

0:00 0:03:28 0:00

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG