Accessibility links

Amnesty'дің Киевтегі кеңсесінің жетекшісі украин әскері туралы есепке қарсылық ретінде қызметінен кетеді


Херсон облысындағы украин әскері.
Херсон облысындағы украин әскері.

Amnesty International ұйымының Украинадағы кеңсесінің жетекшісі Оксана Покальчук жеті жыл қызметтен кейін ұйымнан кететінін мәлімдеді. Мұндай шешімді ол құқық қорғаушылардың украин әскерінің соғыс заңын бұзғаны туралы есебі жарияланғаннан кейін қабылдаған.

Покальчук өзі мен ұйым басшылығының "құндылықтарында айырмашылық" туындағанын айтты. Ұйымның Украинадағы кеңсесінің өкілдері бұған дейін есепті әзірлеуге қатыспағанын мәлімдеген.

"Мен Amnesty International ұйымының Украинадағы кеңсесінен кетемін. Бұл соғыс әкелген тағы бір шығын... Бәрі бюрократия мен тілдік тосқауылдан шықты. Мәселе ағылшын тілінде емес. Басқыншылар басып кіріп, туған еліңнің күлін көкке ұшырып жатқан шақта ондай елде тұрып көрмегендер азат ету армиясын айыптауда тұрған не бар деп ойлар, мәселе сонда" деп жазды Оксана Покальчук Facebook парақшасында.

Ол мәлімдемеде ұйым екі тараптың айтқандарын мұқият зерттеп, Украина қорғаныс министрлігінің позициясын ескеруі тиіс еді деп жазды.

"Нәтижесінде ұйым Ресей нарративін қолдайтын материал жасап шығарғанын өзі де аңғармай қалды. Бұл Ресей насихатының құралына айналды" деді Покальчук.

Amnesty International ұйымының 4 тамыз күнгі есебінде украин әскерінің Ресей басқыншылығына төтеп беру үшін тұрғын үй аумақтарына қару-жарақтарын орналастырып, бейбіт халықтың өміріне қауіп төндіріп жатқаны жазылған.

Украина президенті Владимир Зеленский де есепті сынап, құқық қорғаушылар соның көмегімен жауапкершілікті Ресейден Украинаға артуға талпынып отыр деді.

Халықаралық құқық қорғау ұйымының жетекшісі Агнесс Калламар айтылған сын-ескертпелер Amnesty International ұйымын "турашылдықтан тайдырмайды" және "фактілерді өзгерте алмайды" деп мәлімдеді.

"Есептегі тұжырымдар зерттеу барысында жинақталған дәлелдерге негізделген" деді Калламар.

Журналист Татьяна Козыреваның айтуынша, есептен кейін Amnesty International ұйымы Украина қарулы күштерінің аккредитациясынан айырылған.

Бұған дейін Amnesty International ұйымының Украинадағы соғыс туралы есептері туралы мүлде ақпарат таратпаған ресейлік БАҚ ұйымның осы жолғы есебінен белсене хабар таратты. Ресей сыртқы істер министрлігінің өкілі Мария Захарова "Украина қарулы күштерінің бейбіт халықты "тірі қалқан" ретінде пайдаланатынын бұған дейін бірнеше рет айтқанмын" деді.

XS
SM
MD
LG