Accessibility links

Тайвань Қытайды аралға шабуыл жасауға оқталды деп айыптады


Тайвань билігі Қытай әскері жаттығу кезінде аралға шабуыл жасауға оқталды деп мәлімдеді. Бұл жөнінде Reuters агенттігі хабарлады.

Тайвань қорғаныс министрлігінің мәліметінше, 6 тамызда 20 қытай әскери ұшағы мен 14 кеме арал маңында операция өткізген. Бірнеше ұшақ Тайвань мен Қытай арасындағы шектесу сызығы саналатын Тайвань бұғазының медианалық сызығын кесіп өткен. Тайвань әскері әуеге реактивті ұшақтарын шығарған.

Тамыздың басында АҚШ өкілдер палатасының спикері Нэнси Пелосидің Тайванға сапарынан кейін 4 тамызда Қытай Тайвань маңындағы алты акваторияда жаттығу бастаған. Пелоси – аралға 25 жыл ішінде алғаш келген жоғары лауазымды америкалық саясаткер. Қытай сыртқы істер министрлігі Пекин Пелоси сапарын елдің егемендігіне нұқсан келтіру деп бағалайтынын айтқан. Жаттығу жексенбі күні аяқталуы тиіс.

  • Қытай билігі Тайванды өз аумағы санайды. АҚШ БҰҰ-ның көп мемлекеті тәрізді Тайваньды тәуелсіз мемлекет деп танымайды, бірақ Қытайдың оны күшпен қосып алу ниетіне қарсы.
  • Бұған дейін Қытай Тайванға қарсы сауда шектеулері мен санкция енгізген. Аралдан цитрус өсімдіктері мен балықтың екі түрін импорттауды тоқтатқан. "Тайванның демократия қоры" және "Халықаралық әріптестік пен даму қорына" қатысты тәртіптік шаралар енгізген. Қытай билігінің пікірінше, бұл ұйымдар "демократияны желеу етіп жікшілдікпен айналысады".

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG