Accessibility links

Таулы Қарабақ билігі кейбір елді мекен тұрғындарын 25 тамызға дейін үйлерінен кетуге үндеді


Таулы Қарабақ.
Таулы Қарабақ.

Өзін республика жариялап алған Таулы Қарабақ билігі Агавно ауылы мен Бердзор қаласы тұрғындарын 25 тамызға дейін үйлерінен кетуге үндеді. Бұл жөнінде Азаттықтың Армян қызметі хабарлады.

Агавно ауылының тұрғыны Мариам Акопянның айтуынша, Қарабақ билігі оларға баспана жалдауға деп 40 мың драм (шамамен 100 доллар) көлемінде өтемақы ұсынған. Баспана алғысы келетіндерге 10 млн драмдық (шамамен 24,5 мың доллар) сертификат ұсынған. Тұрғындар әзірге нақты шешім қабылдай алмай екіойлы болып отырғанын айтқан.

Аймақтан кеткен кейбір Бердзор тұрғындары сондай сертификат алғанмен Армян қызметінің жазуынша, олардың ешқайсысы баспана ала алмаған, себебі банктер мұндай сертификат қабылдамайды және олардың негізінде жылжымайтын мүлікке қатысты келісімдер жасамайды.

News.am сайтының жазуынша, Бердзор тұрғындары үйлерінен кету туралы үндеу жасалғаннан кейін Лачин дәлізін жауып, Бердзорды Әзербайжан жағына қайтармауды талап еткен.

Бұған дейін Армения премьер-министр Никол Пашинян Таулы Қарабақ пен Арменияны жалғайтын Лачин дәлізінде жаңа жол салынатындықтан Агавно мен Бердзор Әзербайжан бақылауына өтуі мүмкін деп мәлімдеген. Армения территориялық басқарма мен инфрақұрылым министрі Гнел Саносян аталған жолдың балама бөлігінде құрылыс жұмыстары басталғанын, көктемде аяқталатынын айтқан.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG