Accessibility links

Қытай Тайвань іргесінен тағы да әскери жаттығу бастап, ұшақ ойнатпақ


Қытайдың Тайвань жанындағы әскери жаттығуы. Шілде 2022 жыл
Қытайдың Тайвань жанындағы әскери жаттығуы. Шілде 2022 жыл

Қытай Тайвань төңірегіндегі акватория мен әуе кеңістігінде жаңа жаттығу бастайтынын хабарлады. АҚШ делегациясының Тайваньға келуіне қарсылық ретіндегі алдыңғы жаттығу өткен жексенбіде аяқталған.

"Жаңа жаттығу кезінде теңіздегі ұрыс қимылдары пысықталады" дейді Қытай әскери басшылығы. Жаттығудың қаншаға созылары және нақты уақыты белгісіз.

АҚШ өкілдер палатасының спикері Нэнси Пелосидің Тайвань аралына келгеніне қарсылық ретінде басталып, 7 тамызда аяқталған жаттығу – Қытайдың қазіргі тарихындағы аса ірі әскери жаттығу болып саналады.

Жаттығу кезінде Қытайдың әскери кемелері, ұшақтары мен ұшқышсыз аппараттары арал маңында түрлі қимыл жасап, кейде Тайваньмен арадағы бейресми шекараны да кесіп өткен. Қытай Тайваньға соққы жасайтынын да хабарлаған.

Тайвань Қытайды "аралға шабуылға репитиция жасап жатыр" деп айыптады. Тайвань қорғаныс министрі Қытай әскеріне лайықты жауап беру үшін әскери ұшақтары мен кемелерін әзірлегенін мәлімдеген.

Алдыңғы жаттығудан бұрын Қытай сыртқы істер министрлігі "Пекин Пелоси сапарын Қытайдың егемендігіне нұқсан келтіру деп қабылдайтынын" ескертіп, тиісінше жауап болатыны жөнінде Вашингтонға дөңайбат көрсеткен.

Қытай билігі Тайваньды "өз жеріміз" деп санайды және алдағы уақытта Қытайға қайта қосылады деп есептейді. БҰҰ-ның көптеген елдері секілді АҚШ та Тайвань егемендігін мойындаған емес, бірақ Қытайдың аралды күшпен қосып аламыз деген ұстанымына қарсылық білдіріп келеді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG