Accessibility links

"Майданнан қайтпаған қазақтар жайлы естігенде жүрек ауырады". Соғыс Астрахань жұртының өмірін қалай өзгертті?


Астрахань қаласы.
Астрахань қаласы.

Ресей Украинаға басып кіргелі экономикалық санкциялардың астында қалып, саяси тұрғыда оқшау мемлекетке айналды. Ел ішінде қуғын-сүргін мен пропаганда күшейді. Халықтың көбі жұмыссыз қалып, баға шарықтап, халықаралық желіге кіретін дүкендер мен мейрамханалар Ресей нарығынан кете бастады. "Idel.Реалии" Ресейдің қазақтар басым тұратын Астрахань облысының бірнеше тұрғынымен сөйлесіп, елдегі жағдайға қатысты пікірін сұрады. Кейіпкерлердің сұрауы бойынша, кейбірінің аты-жөні өзгертілді.

Қайрат, Астрахань облысы Володарский ауданы, 27 жаста. Инженер

– Экономикалық өзгерістер болып жатыр. "Ярмарка" сауда орталығындағы дүкендердің бәрі жабылып қалыпты, ал жаңа "Вкусно и точка" жедел тағамдар желісі нашар екен дегенді естідім. Қымбатшылықты өзім де сезіне бастадым: оқу бағасы өсті. Қазір жаңа мамандық алып, IT саласында оқып жатырмын. Оқу бағасы қымбаттаған соң, пайызы жоғары несие алуға тура келді. Оқуымды тәмәмдап, осы саладан жұмыс тапқым келеді. Бірақ бұл қиын болғалы тұр, өйткені бос жұмыс орындары жоқ.

Бірге істейтін әріптесім "арнаулы операцияны" қолдайды. Үнемі сөзге келіп, таласып қаламыз. Тағы бір әріптесім Ресейден Қазақстанға көшіп жатыр. Туыстары сол жақта тұрады. Ол да тарихи отанына оралуға бел буды. Мені қасына шақырып жатыр. Бірақ әзірге көшуге дайын емеспін, әйтсе де эмиграция туралы ойланып жүрмін. Елден кеткім келеді, бірақ қайда барарымды білмеймін. Оқуымды бітірген соң, ойланамын. IT саласында басқа елге көшуге мүмкіндік беретін жұмыстарға тәжірибелі мамандарды ғана алады. Сондықтан жұмыс бабымен қоныс аудару қиын.

Ұлтым – қазақ, сондықтан Астраханьнан майданға кетіп, тірі қайтпаған қазақтар туралы естігенде жүрегім ауырады. Олар соғысқа не үшін барды екен? Астрахань ауылында тұратын қазақ өзін екінші сортқа жатқызатын "орыс әлемі" үшін неге соғысып жүр? Қазақтар Мәскеуден пәтер жалдай алмайды, бұл мемлекет олардың орны – окопта отыру деп түсінеді. Бұл өте қорқынышты.

Дилара, Астрахань, 19 жаста. Студент

– Астраханьдағы таныстарымның бәрі – сырттан келгендер. Көбі Әзербайжан, Армения мен Қазақстаннан келген. Өзім де бұл жердің тумасы емеспін. Айналамдағылар Донбасс туралы пікірлердің, "Украинада сегіз жыл бойы орыс тілін кемсітіп, қорлап келген" деген әңгімелердің төркінін түсінбейді. Олар – шынымен саясаттан алыс адамдар. Өз басым "орыстарды кемсітіп жатыр” деген ақпаратқа бас қатырмаймын.

Бұл мәселені Ресейде туып-өскендер жақсырақ түсінетін шығар, бірақ бәрі соғыс туралы сөйлесуге ыңғайсызданатындай көрінеді. Жұрттың бәрі бұл ауыр тақырыпты айналып өтуге тырысады. Ал санкцияларды жалықпай талқылауға болады. Халық енді демалысқа бара алмаймыз, тағы бір дүкен жабылыпты деген жаңалықтарды жарыса айтып жүр. Елдің сөзіне қарағанда, халық одан әрі кедейлене түсетін сияқты. Ал менің ойымша, жағдайымыздың бұдан әрі нашарлауы мүмкін емес. Қазірдің өзінде Астраханьның орталығынан сәл ұзап шықсаңыз, жартылай қираған үшінші әлем еліне тап боласыз.

Астрахань қаласының көрінісі. 2018 жылдың күзі.
Астрахань қаласының көрінісі. 2018 жылдың күзі.

Ақпаннан бері біраз тауар қымбаттады, бірақ қалада ештеңе өзгермеген сияқты. Бәрі бұрынғыша өмір сүріп, жұмыс істеп, қыдырып жүр. Тек әр жерге салынған сұрықсыз Z таңбасы ғана қаланың көркін бұзып тұр.

Астраханьда саяси өмір жоқ деуге болады. Былтыр Навальныйды қолдауға арналған митингіде сәл де болса үміт пайда болып еді. Қазір ол үміт ұшты-күйлі жоғалды. Шарасыз күйде отырмыз. Құқығы жоқ, ештеңе шеше алмайтын мүсәпір сияқтымыз. Олай болмауы керек, бірақ соғысқа қарсы адамды бәрі шеттетіп тастайтындай көрінеді.

Такси жүргізушілерімен көп сөйлесемін. Басында қорқатынмын, кейін олар да бұл тақырыпта еркін сөйлесетін адам табылғанына қуанатынын түсіндім. Ойыммен келіспесе де, жол бойы сөйлесіп, қалаларды бомбалаудың қажеті жоқ, соғыс ешқандай мәселені шешпейді деген қорытындыға келеміз. Көбі бейбіт тұрғындарға жандары ашитынын айтып, "Бірақ қолымыздан не келеді?" деп күрсінеді.

Анна, Астрахань, 26 жаста. Мұғалім

– Қазір Астраханьдамын, бірақ жылдың көп бөлігін шетелде өткіздім. Былтырдан бері Ресейде тұрмаймын, жақында ата-анамды көруге келдім. Соғыс басталғалы Ресейге алғаш келдім. Шетелде жүргенде Ресей өзгеріп кеткен шығар деп ойлап едім. Көз алдыма қаңырап бос қалған көшелер, қылмыс жайлаған қала елестеген. Елге келгенде ресейліктер соғыс болып жатқанын елемейтіндей көрінді.

Мысалы, адамдар McDonald's-тың орнына ашылған "Вкусно и точка" желісіне бойкот жариялайтын шығар деп күткенмін. Интернетте бұл мейрамхана сапасыз, сақталу мерзімі өткен өнімдерді пайдаланады деп жазып жатыр. Оның үстіне, олар халықаралық бренд идеясын ашықтан-ашық ұрлап отыр. Атауы да ақылға қонбайды. Көшеде балалардың "Мама, "Вкусно и точкаға" барайық дегені есімде қалыпты. Адамдар ештеңе болмағандай, жаңа жағдайға тез бейімделіп кеткеніне таң қалдым.

Тағы бір атап өтетін мәселе – қаладағы жөндеу жұмыстары. Қазір Астраханьда көшелер мен ғимараттарды жаппай жөндеуден өткізіп жатыр. Жергілікті билік үкіметтің әрекеті үшін тұрғындардан кешірім сұрап, оларға жайлы орта қалыптастыруға тырысып жатқандай көрінеді. Келесі рейске дейін бір тәулік Мәскеуде болдым. Ол жақта да қарқынды құрылыс жұмыстары жүріп жатыр.

Соған қарамастан Мәскеу көңілсіз көрінді. "Донбасс балаларын қолдайық" деген жарнама көп. Мұндай қағаздар Астраханьда да кездеседі. Жақында Первое мая каналының жағалауындағы революцияға дейін салынған үйлердің маңына серуенге шықтым. Бес ғимараттың сыртындағы Z таңбасын көргенде, ары қарай жүргім келмей қалды. Үйде ата-анаммен уақыт өткізіп, қайтадан шетелге кетемін деп шештім.

Дамир Нариманов, 43 жаста. Репетитор

– Халық соғыс туралы айтып, сөз таластырғанды жақсы көреді. Далада сыра ішіп отырған азаматтар теледидардан көрген жаңалығын, "украиналық нацистерді" талқылайды. Біз тұратын тыныш ауданның өзінен Украинаға кетіп, соғыста қаза тапқан адамдар бар.

Мектептерде идеологиялық жұмыстар жүріп жатыр, мұны жеке сабаққа келетін оқушыларымнан естідім. Олар мектепте патриотизмге үйретіп, пропаганданы үйіп-төгіп жатқанын айтты. Бұл дұрыс емес, кім қай тарапты қолдаса да, мектеп қабырғасында мемлекеттің шешімін дұрыс етіп көрсететін біржақты талқылаулар болмауы керек.

Астрахань.
Астрахань.

Экономикаға келсек, өмір өзгерді. Батыс компанияларының елден кетуі не маған, не Астраханьға қатты әсер еткен жоқ. Өйткені бізде онсыз да шетелдік компаниялар аз еді. Отандық тауарлар бағасы да өсіп жатыр. Ал банк карталарын халықаралық сервистерден ажыратып тастаудың салдары бәрімізге тиді. Мысалы, өз басым ағылшынтілді стримингтер мен қосымшаларды пайдаландым.

Қаламызда "Лотос" кеме құрастыру зауыты бар. Зауыт бірнеше ай бойы қызметкерлеріне жалақы төлемеген. Өндіріс орны тапсырыс жоғын айтып отыр. Бұрын ондай болмайтын. Отандық тапсырыс берушілердің ақшасы таусылған, ал шетелдік копаниялар Ресеймен жұмыс істегісі келмейді.

Сергей, Астрахань, 31 жаста. Массажист

– Қазір қосымша білім алып жатырмын. Ресей мен Украина арасында кикілжің басталған күні емтихан тапсыруым керек еді. Соғыс туралы естіген соң, емтиханға дайындала алмадым. Үздіксіз жаңалық оқумен болдым. Одан бері бәріміз шаршадық. Шілдеде медициналық мекемеде тағылымдамадан өтіп жүргенде науқастардың жүйкесі шаршағанын, кей азаматтар агрессивті болып кеткенін байқадым.

Қалада бір мазасыздық байқалады. Бәрі соғыс туралы әңгімеден, дауласудан шаршаған. Басында президентті қолдаушылар мен мемлекеттің әрекетін сынаушылар арасында қызу тартыс болса, қазір бұл текетірес басылған. Жақында Донецкінің түбінде Астраханьнан гуманитарлық көмек алып барған үш ерікті қаза тапты. Жазықсыз жерлесіңнің қазасы ауыр тиеді екен.

Қалада Z таңбасы аз, бірақ жақында қоғамдық көлікте "Өз адамдарымызды жалғыз қалдырмаймыз" деген плакат көрдім. Жүргізуші өз пікірін осылай білдіргісі келген шығар. Оған еш қарсылығым жоқ. Бір тарапты ғана қолдау дұрыс емес деп ойлаймын. Ешкімге жамандық тілемеймін, тек бәрі тезірек аяқталғанын қалаймын. Өз үйімді жақсы көремін, туған жерімде өмір сүріп жатқаныма мақтанамын, бірақ мемлекетпен "бір тарапты ғана қолдаймын" деген келісімге отырған жоқпын.

Ары қарай өмір сүріп, біртіндеп бәрін қалпына келтіру керек. Жергілікті жаңалықтарды оқимын. Бірақ федералды жаңалықтарды қарамаймын, жүйкемді жұқартқым келмейді. Қалаларды бомбалау туралы ақпарат оқығаннан, бақша өсімдіктерін қалай өсіруге болатынын үйренген артық. Әлемде күн сайын өлім мен өмір арасында арпалыс болып жатыр, әртүрлі халықтар мен мемлекеттер арасында кез келген сәтте кикілжің басталып кетуі мүмкін.

Соғысқа бей-жай қарау керек деп отырған жоқпын, тек эмоцияға берілмей, өз өміріңізді ойлауға кеңес беремін. Мұндай шақта жақындарымызға қамқор болып, күнделікті жақсылық жасауға тырысқан дұрыс. Қазір әлемге жақсылық жетіспейді.

Тұрмыстық өмірге оралсақ, әрине, баға өсіп жатыр. Мысалы, бұрын кәмпиттің бір келісі 200-300 рубль тұрса, қазір ең арзан тәтті бағасы 400-500 рубльден басталып, 800 рубльге дейін жетеді. Бірінші қажеттілікке жататын тауарлар, мысалы, нан мүлде қымбаттаған жоқ сияқты. Ақпан-наурыз айларында көкөніс пен жарма бағасы өсіп, кейін тұрақталды. Бұған санкция емес, ел ішіндегі дүрбелең әсер етті деп ойлаймын. Адамдар аш қалудан қорқып, жаппай азық-түлік сатып ала бастады. Кейін бәрі шаршаған соң, баға да қалпына келді.

Оксана, Астрахань, 38 жаста. Банк қызметкері

– Өміріміз қалай өзгерді дейсіз бе? Бұрынғыдай өмір сүріп жатырмыз. McDonald‘s жабылып қалыпты деп естідім. Бірақ мен McDonald‘s-тан тамақ ішпейтінмін. Қымбатшылық сезіледі, бірақ баға бірінші рет өсіп жатқан жоқ. Қазіргі алармизмді (шынайы немесе ықтимал қауіп туралы шектен тыс уайымдау – Ред.) түсінбеймін, әдейі әсірелеп жатқан сияқты. Қалада бәрі жақсы. Өмірім соғысқа дейін және кейін деп екіге бөлінді дей алмаймын. 24 ақпан — қарапайым күн. Бұрын қарулы қақтығыстар болмады ма? Ауғанстан, Приднестровье, Шешенстан, Грузия, 2014 жылдан бері бұл тізімге Донбасс қосылды. Арнаулы әскери операция – әлем естімеген, жаңа нәрсе емес.

"Соғыс – жаман, оған жол беруге болмайды" дегенді естіп өстім. Бұл пікірдің салмағын жақсы білемін, өйткені жақындарымның көбі Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқан. Бірақ кейде соғыстан басқа амал жоғын да түсінемін. Ата-анам туған жерімді сүйіп, оны қолдауға үйретті. Біреулер "Путинді, оның агрессиясын қолдайсың ба?" деп сұрады. "Жоқ, өз елімді қолдаймын" деп жауап бердім.

Агрессияны қолдамаймын, бірақ қазір агрессия көріп отырған жоқпын. Бұл – шабуыл емес, қорғаныс, біздің көмегімізге мұқтаж Донбасстың бейбіт тұрғындарын қорғау. Өз басым Астраханьнан соғысқа кетіп, елдің, балаларымыздың болашағы үшін жанын отқа салып жүрген жастарымызды қолдаймын. Олардың әрекетін сынауға бола ма? Әскери адам – құрметке лайық маман иесі, өйткені олар сияқты ешкім басын қатерге тігуге келіспейді. Қазіргідей қиын шақта әскерилердің ерлігін құрметтеуіміз керек.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG