Accessibility links

Бұрынғы канцлер Герхард Шрёдерді партияластары "Германияны Ресейге кіріптар етті" деп айыптады


Герхард Шрёдер мен Владимир Путин
Герхард Шрёдер мен Владимир Путин

Германияның бұрынғы канцлері Герхард Шрёдер социал-демократиялық партия қатарынан шығарылмайды. Дүйсенбіде партия комиссиясы осындай шешімге келген. Бұған дейін СДП-ның кей мүшелері Владимир Путинмен жеке достығы және Ресей мемлекеттік корпорациясында жұмыс істегені, Ресеймен тығыз байланыстары үшін Герхард Шредерді партия қатарынан шығаруды ұсынған.

"Комиссия Шрёдердің іс-әрекетінен партияның жарғысы мен принциптеріне қайшы әркекет таппаған" деп хабарлайды DW. "Өйткені Шрёдер Ресейдің Украинаға агрессиясын қолдап да, ақтап та сөйлемеген. Оның Путинмен достығы - жеке өмірі, ал Ресей мемлекеттік концернінен Шрёдер кетіп қалған".

Бұрынғы канцлерді партия қатарынан шығаруды қолдайтындар Шрёдердің Ресей басшылығымен тығыз байланысы партия атына кір келтіреді деп санайды. Мұнан өзге, Шрёдер басқарған кезде Германияны Ресейге экономикалық тұрғыдан қатты жақындастырып, ақыр соңы Ресей газына кіріптар етті деп те айыптайды.

СДП тең төрағасы Саския Эскен "Шрёдер өзін экс-канцлер ретінде емес, бизнесмен ретінде ұстайды" деп сынады.

"Оның айтып жүргендері мен ісінің бәрі - өзі мен бизнес-серіктесінің мүддесі", – деді Эскен Funke медиатобына берген сұхбатында. Партияның тағы бір тең төрағасы Ларс Клингбайль комиссияның Шрёдерді партияда қалдыру туралы шешімі "заң жүзіндегі шешім ғана, ол шын мәнінде партия жұмысынан шеттетіледі" деп мәлімдеді.

  • Герхард Шрёдер 1998-2005 жылдар аралығында Германия канцлері болған. Қызметінен кеткен соң Ресейге қатысы бар жобаларға араласқан. Оның ішінде "Солтүстік ағым" газ құбыры да бар.
  • 2017 жылы қыркүйекте "Роснефть" акционерлерінің жиынында Шрёдер директорлар кеңесінің төрағасы болып бірауыздан сайланған. 2021 жылы қайта сайланған. Айына 600 мың доллар жалақы алған.
  • "Роснефтьтегі" қызметінен кететінін Шрёдер 2022 жылы 20 мамырда мәлімдеген. Онымен бірге "Роснефть" директорлар кеңесінен Германия бизнесмені Матиас Варниг пен Австрияның бұрынғы сыртқы істер министрі Карин Кнайсль де кеткен.
  • Шрёдер Ресейдің Украинаға басып кіргенін "Ресей билігінің қателігі" деп атаған. Алайда ол соғыс басталған соң да Мәскеуге бірнеше рет барып Владимир Путинмен кездескен. Соңғы рет Мәскеуге биыл тамыздың басында барған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG