Accessibility links

Қаңтар оқиғасына қатысқан Нұрсұлтан Исаевтың туыстары прокуратураға тағы барды


Қаңтар оқиғасына қатысқан Нұрсұлтан Исаевтың туыстары істің әділ тергелгенін қалайды. Ақтөбе, 9 тамыз, 2022 жыл.
Қаңтар оқиғасына қатысқан Нұрсұлтан Исаевтың туыстары істің әділ тергелгенін қалайды. Ақтөбе, 9 тамыз, 2022 жыл.

Ақтөбедегі тергеу изоляторында аштық жариялап отырған Нұрсұлтан Исаевтың туыстары 9 тамыз күні наразылық айтып, облыс прокуратурасына тағы барды. Олар Қаңтар оқиғасына қатысқан Нұрсұлтан Исаевтың үстінен қозғалған істі қайта саралауды сұрайды.

Ақтөбе облыстық прокуратурасының алдында наразылық өткізген бір топ адамның арасында Нұрсұлтан Исаевтың әйелі Аида Хазеева да болды. Хазеева тап осы талаппен Ақтөбе облыстық прокуратурасына бұрын да барған. Сейсенбі күні ол қолына "Әділдікті жақтаймыз" деп жазылған плакат ұстап, облыс прокурорының қабылдауын талап етті. Бірақ прокурордың қабылдауына кіре алмады.

Аида Хазееваның сөзінше, 5 тамыз күні прокуратура Исаевтың отбасына өтінішхатты қанағаттандырудан бас тарту туралы қаулының көшірмесін жолдаған. Яғни, Нұрсұлтан Исаевтың үстінен қозғалған істі қайта саралаудан бас тартқан.

Прокуратурадан жолданған құжатта 2022 жылғы 30 маусым күні тергеу аяқталып, Исаев пен оның адвокаттары қылмыстық іс материалдарымен таныса бастағаны жазылған.

- Ұлыма соншама ауыр айып тағардай ол адам өлтірген жоқ. Қанішер емес. Ол - халықпен бірге алаңға шыққан қарапайым бала. Баламның ісін қайта саралауды талап етемін! - деді Исаевтың шешесі Лиза Есенжанқызы.

Бір ай кешіккен жаназа. Русланбек «террорист» пе?
please wait

No media source currently available

0:00 0:01:57 0:00

Қаңтар оқиғасына қатысушы Нұрсұлтан Исаев Ақтөбедегі тергеу изоляторында 2 тамыздан бері аштық жариялап отыр. Тергеу оған "билік өкілдеріне күш қолданды", "жаппай тәртіпсіздікке қатысты" деп айып таққан. Исаев өзіне тағылған айыппен келіспейді. 8 тамыз күні тергеу изоляторына барып, күйеуімен жолыққан Аида Хазеева оның 20 келі салмақ тастап, қатты әлсіреп қалғанын айтады.

- Күйеуім аштық жариялағалы облыс прокурорының қабылдауына кіре алмай жүрмін. "Ертең, ертең" деп созып жүріп, кеше "прокурор еңбек демалысына кетіп барады" деп хабарлады, - дейді Хазеева.

Ақтөбе прокуратурасы Қаңтар оқиғасына қатысты істерге комментарий бермейді. Бұл жолы да Азаттықтың сауалдарын жауапсыз қалдырды.

Ақтөбе полициясының мәліметінше, жыл басындағы қаңтар дүрбелеңінен соң қалада 12 адамның үстінен қылмыстық іс қозғалып, тергеу изоляторына қамалған. Одан бөлек сегіз ақтөбелік үйқамаққа алынған. Полиция екі істің терроризм бабымен тергеліп жатқанын хабарлады. Қамалғандардың басым бөлігі "жаппай тәртіпсіздік ұйымдастырды" деп айыпталып отыр.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG