Accessibility links

Әскери қызметкер армияда жыныстық қорлық көргенін айтты


Бұрын әскери қызметте болған әйел адам Алматы облысындағы армияда қызмет етіп жүрген кезінде, командирлер тарабынан жыныстық қорлық көргенін айтты.

Алматы облысы Шеңгелді ауылындағы 54179 әскери бөлімшесінде қызмет еткен Айғаным Елшібаеваның арызын "Не молчи" қоры жариялады.

Онда Елшібаева майордың бірі өзіне тиісіп, кемсіте бергенін айтқан.

"Майордың қорлығынан кейін, стресске түсіп, денеме псориаз шығып кетті. Бұл емделмейтін аутоиммундық ауру", - дейді Елшібаева.

Әскери қызметкердің арызына қарамастан, майор тиісінше жазаға тартылмаған. Ол тек басқа әскери бөлімшеге ауыстырылған. Ал оның орнына командир етіп, майордың жақын танысын тағайындаған.

Елшібаева жаңа тағайындалған командир одан бетер қорлады дейді. "Ер адамдардың көзінше менің омырауымды, жыныс мүшемді ұстап, тиісе берді", - дейді Елшібаева.

Ол жергілікті әскери басқармаға шағымданғанын, бірақ олар дәлел жоқ деп, тек майормен әңгімелесу жұмысын жүргізгенін айтады.

Елшібаева "Не молчи" қорына түсірген арызында ақыр соңында өзін аттестациядан өткізбей, мерзімінен бұрын босатқанын жеткізген.

Елдің қорғаныс министрлігі арнайы комиссия құрылып, істі тексеру мақсатында Елшібаева қызметін өтеген әскери бөлімшеге жіберілгенін мәлімдеді.

"Шағымда айтылған фактілер дәлелденген жағдайда, командирлер тиісті жазасын алады" деп жазылған қорғаныс министрлігі таратқан хабарламада.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG