Accessibility links

Шымкент соты белсенді Молдабай Сәдібековті түрмеден босатты


Қаңтар оқиғасына байланысты сотталған қолөнер шебері бостандыққа шықты
please wait

No media source currently available

0:00 0:03:39 0:00

10 тамызда Шымкент қалалық соты Қаңтар оқиғасына байланысты “Жаппай тәртіпсіздік ұйымдастырды” деген айыппен үш жылға түрмеге қамалған белсенді Молдабай Сәдібековтің апелляциялық өтінішін орындап, түрме жазасын шартты жазаға ауыстырды. Іске белсендінің туыстары мен жақтастарын қосқанда отызға жуық адам қатысты. Сәуле ықшам ауданындағы ИЧ-167/11 тергеу изоляторында жатқан Сәдібеков сот залына жеткізілмеді. Белсендінің қорғаушысы Гүлнәр Алтыбай сот алқасынан Сәдібеков тағылған айыпты толық мойындайтынын, шын өкінетінін, үкімнің жаза бөлігін өзгертуін сұрады. Сәдібеков те апелляциялық шағымында соттан осыны өтінген.

Прокурор Ғалымжан Жаңабай соттан бірінші инстанцияда шыққан сот үкімін өзгерту туралы шағымды қанағаттандыруды сұрады. Ол сот белсендіге әділ шешім шығарғанын, бірақ жеңілдететін мән-жайлар ескерілмегенін атап өтті.

Кеңесу бөлмесінен шыққан сот алқасы Сәдібеков пен оның қорғаушыларының шағымын қанағаттандырып, белсендінің кәмелет жасқа толмаған балалары бар екенін, бұрын сотты болмағанын, тұрғылықты жері, тұрақты жұмысы бар екенін ескергенін айтты.

Қаулы бүгін, 10 тамызда күшіне еніп, Сәдібеков түрмеден босатылады.
Қаулыны естігенде белсендінің туыстары мен жақтастары бірін-бірі құттықтап жатты. Олар Сәдібековті тергеу изоляторынан шығарып алуға кетті.

6 маусымда Әл-Фараби аудандық сотының судьясы Мадияр Әбдірасылов Қылмыстық кодекстің 272-бабының 2-3 бөлігі ("Жаппай тәртіпсіздікке қатысу және шақыру") бойынша айып тағылған шымкенттік белсенді Молдабай Сәдібековті қылмысқа кінәлі деп танып, үш жылға бас бостандығынан айырған. Сот белсендіге 380-бап ("Билік өкіліне күш қолдану") бойынша айып қате сараланып, негізсіз тағылғанын айтып, айыпты алып тастаған. Сәдібеков бейбіт митингіге шыққанын растап, бірақ оның аяғы жаппай тәртіпсіздікке ұласады деп ойламағанын айтқан.
– "Шал, кет!" дедім, Жаңаөзен халқын қолдадым. Оны мойындаймын, – деген еді Сәдібеков аудандық сот тергеуінде.

Молдабай Сәдібеков өзінің айтуынша, биыл 4 қаңтарда түске жақын қала әкімдігі маңындағы "Метро" сауда орталығы алдына келіп, Жаңаөзендегі наразыларды қолдайтынын білдірген. 5 қаңтарға қараған түні Шымкенттің орталығында басталып, қала әкімдігінің алдында жалғасқан жаппай наразылыққа қатысқан. 10 қаңтарда полиция Молдабай Сәдібековті үйінен әкетіп, қамады. Содан бері түрмеде жатыр.

Шымкентте Қаңтар оқиғасы 4-6 қаңтарда болды. Оқиға кезінде 20 адам қайтыс болды. Оқиғаға байланысты 86 адамның үстінен іс қозғалды. Олардың жетеуі - белсенділер. Екі белсендінің үстінен қозғалған қылмыстық істі прокуратура тоқтатқан. Төрт белсенді үш жылдан үш жарым жылға дейін бас бостандығынан айырылған. Бір белсендінің бас бостандығы 4 жылға шектелген.
9 тамызда қазақстандық құқыққорғаушылар Молдабай Сәдібековті “саяси тұтқын” деп таныған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG