Accessibility links

Қарағанды облысында танкіге Z таңбасын салған адам жеті күнге қамалды


Қарағанды облысы Сарань қаласының соты Z таңбасын танк-ескерткішке салған адамды жеті күнге қамады. Бұл жөнінде соттың баспасөз қызметі хабарлады.

Соттың хабарлауынша, қала тұрғыны 29 шілдеде таңертеңгі сағат 4 шамасында Екінші дүниежүзілік соғыста қираған танкіге арналған ескерткішке Z таңбасын салған. Оған "Ұсақ бұзақылық" бабы бойынша айып тағылған.

Ақпаратқа қарағанда, қаулы шығарар кезде сот кінәлінің айыбын мойындап, өкінгенін және жағдайды ауырлататын жайттар жоғын ескерген.

29 шілдеде Қарағанды облысының полициясы 54 жастағы Сарань тұрғынының ұсталғанын хабарлаған. Полицияның айтуынша, қала тұрғыны "саябақта танкіге сурет салған". Іс әкімшілік құқық бұзушылық ретінде қаралған. Танкідегі таңба сырланғанмен әлеуметтік желіде суреті сақталып қалған.

Z және V белгісі Ресейдің Украинаға басқыншылығының символына айналған. Кремль бұл белгілерді пропагандалық шараларында жиі қолданады. Z және V белгілеріне Украина мен Еуропадағы бірнеше ел шектеу қойған.

Қазақстан бұл таңбаға ресми түрде шектеу қоймаған. Билік Мәскеудің Украинаға басқыншылығын ашық айыптамайды. Бұған дейін Қазақстанда көлігінде Z таңбасы бар кейбір жүргізушілерге айыппұл салынған.

XS
SM
MD
LG