Accessibility links

Украинада соғысқа барудан бас тартқан Ресей жауынгері жертөледе азапталғанын айтты


The Insider басылымы Украинада соғысқа барудан бас тартқаны үшін Луганск облысында жертөлеге қамалып, азапталған Ресей жауынгерінің басынан өткен жағдайды жазды.

Мақалада аты-жөні көрсетілмеген жауынгердің сөзіне қарағанда, оның жанында соғысқа барудан бас тартқан тағы он адам болған. Барлығын жертөледе ас-сусыз ұстаған, дәретханаға да жібермеген. Бірнеше рет ұрып-соққан. Бастапқыда тергеу изоляторына ауыстырамыз деп қорқытқан, кейін тізелеріңнен атып, қинаймыз деп қоқан-лоқы көрсеткен. Ақыры барлығын майданға оралуға мәжбүрлеген.

Әскери қызметкердің айтуынша, соғысудан бас тартқандарды Нечипоренко деген полковник тергеген. Бет-жүзін жасырған адамдар солдаттарды ұрып-соққан. Біреуі "57-бригададан" екенін айтып қалған.

The Insider'дің жазуынша, журналистерге азапталғанын баяндаған солдат соғыста бас жарақатын алып, Ресейге оралған. Енді ол Ресей тергеу комитетіне арыз жазатынын айтып отыр.

Украинада соғысудан бас тартқан орыс жауынгерлерін Луганск облысы Брянск қаласының аумағында заңсыз ұстап жатқаны жайлы ақпарат шілде соңында тараған. Ақпаратқа қарағанда, оларды жертөледе Вагнер жеке әскери тобының жалдамалылары күзетіп жүр. "Настоящее Время" арнасы соғыстан бас тартқандардың бірінің аты-жөнін де атаған.

  • Ресейдің Украинаға басқыншылығы басталғалы бері тәуелсіз ақпарат құралдары түрлі күштік құрылым өкілдерінің соғысқа қатысудан бас тартқаны жайлы ақпараттарды жиі таратып келеді. Журналистердің мәліметінше, Украина шекарасын кесіп өтуден бас тартқан немесе Ресей әскерін өз бетінше тастап кеткендер арасында 136-мотоатқыштар бригадасының 300-ге жуық жауынгері, Ресейдің түрлі аймағынан келген ұлттық гвардия, арнайы жасақ өкілдері бар. Көбі қысым мен қудалауға ұшыраған. Ресей қорғаныс министрлігі оқиғаға түсініктеме бермеді.
XS
SM
MD
LG