Accessibility links

Ұлытау облысындағы дәрігерлер наразылығы: Денсаулық басқармасы түсініктеме берді


Бос қалтасын көрсетіп тұрған дәрігер. Көрнекі сурет.
Бос қалтасын көрсетіп тұрған дәрігер. Көрнекі сурет.

Ұлытау облысының денсаулық сақтау басқармасы Жезқазған қаласы көп салалы ауруханасы қызметкерлерінің наразылығына байланысты түсініктеме берді. Бұған дейін аурухананың кейбір қызметкерлері жалақы мен өзге әлеуметтік төлемдер уақытында берілмейтінін айтып шағымданған. Ауруханаға қарайтын модульдік инфекциялық госпиталь жұмысшылары 10 тамызда басшылыққа арыз жазып, ізінше жиналыс болған. Жұмысшылар жағдай әлі шешілмеді деп отыр.

Ұлытау облысының денсаулық сақтау басқармасы 11 тамызда Азаттыққа жолдаған ресми жауабында сәрсенбі күні "госпиталь маңына 10 медбике жиналып, жалақы бойынша қарыздары мен артық істеген күндері үшін төлемдерін төлеуді" талап етті деп жазған. Оқиға орнына Ұлытау облысы денсаулық сақтау басқармасының жетекшісі Л.Ранова, инфекциялық госпиталь жетекшісі Ж.Мұқанова, аурухана директоры М.Әбсалық және облыстық еңбек инспекциясы басқармасының өкілі К.Смағұлов келген.

"Медицина қызметкерлеріне әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры тарабынан ақшаның кешіктірілуіне байланысты қазір жалақыны төлеу кестесі өзгергені (бұрын айдың 20-25 күндері төленіп келген – басқарма) және әр айдың 9-10 күндері төленетіні түсіндіріліп айтылды. Артық істеген күндер үшін төленетін төлемдер де тұрақты түсіп жатыр. Жұмысшылар тарабынан түсініксіздік туындаған, себебі негізгі жалақы мен қосымша ақы жеке есептеліп, сәйкесінше жұмысшылар есепшотына бөлек-бөлек түседі. Шілде айының жалақысы 9-10 тамызда төленді" деп жазылған хабарламада.

Басқарма өкілдері "қазір медперсонал жұмыстарына кірісті, жағдай тұрақты" деп жазған.

Дегенмен Азаттық сөйлескен аурухана қызметкерлері айлық пен өзге төлемдердің кешіктірілуі "бұл тек он адам ғана емес және тек модульдік инфекциялық госпиталь қызметкерлері ғана емес, тұтас аурухана қызметкерлерінің басындағы жағдай" дейді.

"Неге он адам жиналды? Себебі, барлығы жұмыста болды және бар қызметкерлер қалғандарына қарамай жинала берейік деп шешті" дейді аты-жөнін атамаған модульдік инфекциялық аурухана қызметкері Азатттыққа.

"Маған кеше 40 мың теңге түсті. Толық жалақы түскен жоқ. Жалақым бар-жоғы 100 мыңнан әрең асады. Соның өзін бермей отыр. Егер жалақы бөлек-бөлек түссе, неге алдын ала ескертпейді? Біреуіне 20 пайыз, біреуіне 50 пайыз түседі. Оның себебі неде? Мен жалғызбасты анамын. Ұлымды мектепке ата-анам дайындап берді. Былайша айтқанда, бізді ата-анам асырап отыр. Себебі ауруханадағы жалақының түрі жаңағыдай" дейді ол.

Оның айтуынша, мекеме басшылығы 12 тамызға дейін қалған жалақыны төлеуге уәде берген. Ал облыстық еңбек инспекция мамандары аурухананы Қарағанды облысының мамандары тексеретінін айтқан. "Егер 12 тамыз кешкі 8-ге дейін жалақы толық түспесе, жағдай қиындайды" дейді ол.

Ұлытау облысының орталығы Жезқазған көп салалы ауруханасының ресми сайтындағы мәлімет бойынша, мекемеде 500-ден астам адам жұмыс істейді. Аурухана Жезқазған, Сәтпаев қалалары, Жәйрем мен Қаражал ауылдары тұрғындарына қызмет көрсетеді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG