Accessibility links

CNN: Сарапшылар Ресейдің Еленовка колониясына соққы жайлы мәлімдемесін терістейді


Еленовка колониясы.
Еленовка колониясы.

CNN телеарнасы өзін республика жариялап алған "Донецк халық республикасы" аумағындағы Еленовка колониясына шабуыл жайлы зерттеу жариялады. Колонияға жасалған соққы салдарынан ондаған украин тұтқыны қаза тапқан. Журналистер Ресейдің оқиға жайлы түсініктемесі жалған, ал колонияға HIMARS зымыранымен соққы жасалды деген нұсқа мүлде шындыққа сәйкес келмейді деген қорытынды жасаған.

Телеарна мамандары оқиға орнынан түсірілген суреттер мен видеоларды, шабуылға дейін және кейін түсірілген спутник суреттерін сараптаған. Тілшілер сонымен бірге қару-жарақ сарапшыларымен сөйлескен.

Сарапшылардың бірі Крис Кобб-Смит телеарнаға егер колония HIMARS зымыранымен атқыланған болса, онда ғимарат бұдан да қатты қираған болар еді деген.

"Видеода шұңқырлар көрінбейді, төсектер жылжымаған, бағаналар бүлінбеген, бірақ көп нәрсе өрттен бүлінген. Егер бұл дүркіндете ататын реактивті жүйенің ісі болса, шұңқырлар, бұзылған қабырғалар мен шатырларды, бөлшектенген мәйіттерді көретін едік" деді ол. Сарапшының айтуынша, ғимарат зымыраннан гөрі өрттен бүлінгенге ұқсайды.

Крис Кобб-Смиттің көзіне оғаш көрінген жайт – ресейлік журналистердің HIMARS ракетасының бөлшектерін оқиға орнынан тыс жерде түсіруі. "Кез келген зерттеудің басты элементі – оқ-дәрі қалдықтарын табылған жерінен жинақтау" дейді сарапшы.

CNN сөйлескен АҚШ-тың ресми тұлғалары да HIMARS зымыраны қолданғаны жайлы болжамды терістейді. Сарапшылар қолдарында бар мәліметке сүйене отырып, ғимарат ішінде қатты өрт болған болуы мүмкін деп болжайды. Олардың айтуынша, "Донецк халық республикасының" өкілі күзетшілердің ешқайсысы зардап шекпегенін айтқан.

CNN сөйлескен сарапшылар HIMARS зымыранын жақын жерден жіберудің ұтымды шешім емес екенін де алға тартады. Колония майдан алаңынан небәрі 15 шақырым жерде тұр. HIMARS – 300 шақырымға дейін қашықтықтан ататын қару.

Janes әскери басылымы мамандарының бағалауынша, ғимараттың қабырғалары мен шатырында жарықшақтар көрінбейді, есесіне өртенген, күйген заттар көп.

Бучадағы әскери қылмысты зерттеуге қатысқан неміс патологанатомы, профессор Бенжамин Ондрушка мәйіттерді толық зерттеу ғана адам өлімінің себебін анықтай алады дейді. Алайда оқиға орнынан түсірілген суреттер ол жерде кемінде 300 градустық өрт болғанын айғақтайды.

Ресей қорғаныс министрлігінің мәліметінше, 29 шілдеде Еленовка колониясында 50 әскери тұтқын қаза болған, 73 адам жараланған. Ресей тарабы Украина колонияны HIMARS зымыранымен атқылады деп мәлімдеген. Ал Украина қарулы күштері Ресей әскерін айыптады.

XS
SM
MD
LG