Accessibility links

Зеленский қысымға ұшыраған Ресей азаматтарына босқын мәртебесін ұсынды


Владимир Зеленский.
Владимир Зеленский.

Украина президенті Владимир Зеленский Еуроодақты ресейліктерге виза бермеуге тағы үндеп, Ресейде қоқан-лоқы көргендерге босқын мәртебесін ұсынды. Ол бұл сөзін жұма күні кешкі мәлімдемесінде айтты.

"Ресейлік қанішерлер немесе мемлекеттік террор жандайшаптары Шенген визасын ала алмауы тиіс. Еуропа ақша төлесе болды, көрінген адам кіре беретін супермаркетке айналмауы тиіс" деді Зеленский.

Оның айтуынша, Ресейде шынымен де өміріне қауіп төнген адамдар болуы мүмкін. Зеленский "өркениет әлемі оларға көмегін ұсынуы тиіс" деді.

"Оларды белгілі заңнамалық механизмдер арқылы – босқын мәртебесі, пана беру, өзге де көмек түрлері арқылы қолдап, көмектесу керек" деді Зеленский.

Ол сонымен бірге ресейліктерге Шенген визасын бермеу туралы ұсынысты ресми түрде талқылауға шығаруға көмектескен Чехия мен Балтық елдеріне алғыс айтты. Бұл мәселе тамыздың соңында Прагада өтетін Еуроодақ елдері сыртқы істер министрлерінің отырысында қаралады.

  • Зеленский ресейліктерге Еуроодақ аумағына кіруіне тыйым салуға 8 тамызда үндеген. Оның ұсынысын Эстония, Латвия, Финляндия қолдады. Германия барлық Ресей азаматына виза беруге тыйым салу идеясына қарсы шықты. "Бұл Путин ашқан соғыс" деді Германия канцлері Олаф Шольц. Ал Еурокомиссия барлық Ресей азаматына виза бермеу туралы ұсыныс одақ нормаларына қайшы келетіндіктен мұндай ереженің енгізілуі мүмкін емес деп бірден кесіп айтты.
  • Еуроодақтың бірнеше мемлекеті, арасында Эстония, Латвия, Литва және Чехия бар, Зеленский ұсынысына дейін Ресей азаматтарына туристік виза беруді тоқтатқан. Эстония Шенген визасы бар ресейліктерді елге кіргізбеу туралы шешім қабылдаған.
  • Ресей Украинаға 24 ақпанда басып кірген. Еуроодақ Ресей басқыншылығына жауап ретінде Мәскеуге қарсы жеті пакет санкция қабылдады. Бірақ ешқайсысында Ресей газына эмбарго қою жайлы жазылмаған.
XS
SM
MD
LG