Accessibility links

"Мұхаммед пайғамбарға тіл тигізді" деп айыпталған жазушы Салман Рушдиді пышақтап кеткен


Салман Рушдиді пышақтаған жер
Салман Рушдиді пышақтаған жер

Жазушы Салман Рушдиді пышақтаған күдікті "кісі өлтірмек болды" деген айып тағылып, қамауға алынды. Оны кепілдікпен бостандыққа шығу құқығынан айырған.

Бұл жөнінде кеше Нью-Йорк штаты хабарланды. Қылмыс осы штатта жасалған.

Полиция мәліметіне қарағанда, тұтқындалған 24 жастағы Хади Матар Нью-Джерси тұрғыны. "Америка дауысы" Матардың ата-анасы АҚШ-қа Ливаннан мигрант боп келгенін айтып отыр.

Хади Матар қылмыс болған жерде ұсталған. Салман Рушди Chautauqua Institution білім орталығында лекция оқу үшін ортаға беттегенде белгісіз адам жүгіріп шығып, пышақ салған.

Салман Рушдиді тікұшақпен ауруханаға жеткізіп, жасанды тыныс аппаратына қосқан. Агенті Эндрю Уйалидің сөзінше, жазушының бауыры мен көзіне зақым келген.

Британия жазушысы Салман Рушди биыл 75 жасқа толады. Оның 1988 жылы шыққан "Шайтанның сөздері" деп аталатын романын әлемнің көптеген мұсылмандары "Мұхаммед пайғамбарға тіл тигізу" деп бағалаған. Иранның сол кездегі діни жетекшісі, аятолла Рухолла Хомейни Рушдиді сырттай өлім жазасына кескен. Оны өлтірген адамға қомақты ақша берілетін болған. Рушди көпке дейін тығылып жүрді, кейбір елдер оның кітабын сатуға тыйым салған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG