Accessibility links

Талғар тұрғындары 3 млрд теңгеге салынған жаңа мектептің жағдайына наразы


Талғар қаласында жаңа салынған мектептің қабырғасы. Инстаграмдағы kris_p_talgar парақшасынан алынған.
Талғар қаласында жаңа салынған мектептің қабырғасы. Инстаграмдағы kris_p_talgar парақшасынан алынған.

Алматы маңындағы Талғар қаласының тұрғындары 1200 орындық жаңа мектептің сапасына наразы. Олардың сөзіне қарағанда, жаңа нысанды салуға 3 млрд теңге (6,2 млн доллар) жұмсалған, бірақ ғимараттың шатырынан қазірдің өзінде су өтіп жатыр.

Тұрғындардың айтуынша, мектептің қабырғалары үгітіліп, төбесі ылғалдан жарылып кеткен. Ал дәретхана далада тұр.

Инстаграмдағы kris_p_talgar парақшасында жарияланған суретте ғимараттың төбесі мен қабырғаларында сызат пайда болғаны, ылғалданып тұрғаны көрінеді. Тұрғындар нысан ішінде дәретхана жоқтығына, балалар ойын алаңының дұрыс құйылмағанына да наразы.

"Бұл мектепте әлі ешкім оқыған жоқ, жағдайы міне, мынадай" деді тұрғындар.

Алматы облысы әкімінің баспасөз хатшысы Ғалымұрат Жүкел 15 тамызда ақпарат құралдарына берген сұхбатында ғимараттың бір ай бұрын қатты жаңбырдың салдарынан "бүлінгенін" айтқан. Әкімдік өкілдері мердігер компания мектептегі кемшілікті 18 тамызға дейін "жоятынын" айтты. Ғалымұрат Жүкелдің айтуынша, жағдайды Алматы облысы әкімдігі "бақылауда ұстап отыр".

Дәретхана туралы сұраққа Жүкел дәретханалар "мектеп іші мен сыртында да қарастырылған" деді.

Ulysmedia порталының жазуынша, ағарту министрі Асхат Аймағамбетов мектеп құрылысына байланысты әкімдікке ескерту жасаған. Министр мектеп құрылысы мен жөндеу жұмыстарының сапасы мен мерзіміне "сын-ескертпелер көп" деді.

XS
SM
MD
LG