Accessibility links

Ресей Түркияға С-400 зенит зымыран кешенінінің тағы бір полкін сатқанын хабарлады


Ресейдің С-400 зенит зымыран кешені
Ресейдің С-400 зенит зымыран кешені

Мәскеу Түркияға С-400 зенит зымыран кешінінің екінші полкін сатқанын мәлімдеді. Ресей келісімшартты жүзеге асыруға кірісіп кеткен. Бұл жөнінде Федералды қызметтің әскери-техникалық ынтымақтастық бойынша басшысы Дмитрий Шугаев хабарлады.

Бұған дейін Анкара зенит зымыран кешенінің бірінші полкін сатып алып, АҚШ санкциясына ілінген. Вашингтон мұндай кешенді сатып алу - НАТО мүшесінің міндеттемесіне сай келмейді деп санайды.

Шугаев келісімшарт туралы Мәскеуде өткен "Армия-2022" форумында айтқан. Бірақ ол келісімшарттың қашан жасалғанын нақтыламаған. Оның сөзінше, "қазіргі күрделі саяси жағдай Ресейдің серіктестерімен өзара әрекетіне әсер еткен, алайда Түркиямен арадағы әскери-техникалық ынтымақтастық жалғасып жатыр".

Алысқа және орта қашыққа ұшатын С-400 "Триумф" зымыран жүйесі Ресей әскерінің қару-жарағына 2007 жылы қабылданған. Одан беріде Ресей бұл кешенді Қытай мен Үндістанға сатып, Сирияға берген. Мәскеу мен Анкара С-400 кешеніне байланысты келісімге 2017 жылы қол қойған. Түркия бұл кешенді сатып алған НАТО-ның алғашқы мүшесі еді.

Вашингтон аталған кешеннен бас тарту жөнінде Анкараға бірнеше рет талап қойған. Түркия "одақтастарымыз дәл мұндай ыңғайлы бағада зенит зымыран кешен бере алмады" деген уәж айтқан.

Бұған дейін АҚШ С-400 зенит зымыран кешінін сатып алғаны үшін Түркияға F-35 жойғыш ұшағын сатпай, Түркияның бірнеше шенеунігіне санкция салған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG