Accessibility links

"Қант дауынан" кейін министр болған Жұманғарин қант қызылшасын Латын Америкасынан тасығысы келеді


СЕрік Жұманғарин
СЕрік Жұманғарин

"Қант дауынан" кейін вице-премьер - сауда және интеграция министрі міндетін атқарушы болып тағайындалған Серік Жұманғарин "қант қызылшасын Латын Америкасынан тасу жолдары қарастырылып жатқанын" мәлімдеді. Бұл жөнінде КазТАГ агенттігі хабарлады.

16 тамызда үкімет отырысынан кейін қант саласындағы проблемаларды шешу жолдары туралы журналистер сұрағына жауап берген Жұманғарин "қанттың әлемдегі бағасына тәуелді болмас үшін Қазақстан өзінің қант өндірісін жолға қоюға тиіс" деді.

- Біздің қант зауыттарымыздың қуаты халықты қантпен қамтамасыз етуге толық жетеді. Бірақ шикізат тапшы. Шикізатты Латын Америкасынан, Үндістаннан әкеліп жатырмыз. Қазір зауыттар Латын Америкасындағы қызылша өсіретін ірі компаниялармен ұзақ мерзімге келісім шарт жасасу үшін қант зауыттарына айналымқа қаржы беру туралы сөз болып жатыр, — деді Жұманғарин.

Оның сөзінше, министрлік Латын Америкасынан қант жеткізудің жолдарын қарастырады. Иран мен Ауғанстан арқылы да жеткізілуі мүмкін.

Серік Жұманғарин 15 тамызда премьер-министрдің орынбасары - сауда және интеграция министрі міндетін атқарушы болып тағайындалған. Бұған дейін аталған қызметті Бақыт Сұлтанов атқарған.

Бір ай бұрын үкімет отырысы кезінде Бақыт Сұлтанов пен ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашүкеевке Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қант проблемасына байланысты сөгіс жариялаған. 15 тамызда Сұлтанов қызметінен босатылған.

Бақыт Сұлтанов "қант бағасы импортқа тәуелді, қаласаң да, қаламасаң да қант қымбаттай береді" деген еді.

Қант мәселесіне арналған брифингтердің бірінде Бақыт Сұлтанов "қант пайдаланбайтынын, шайды бал қосып ішетінін" айтқан.

16 тамызда журналистер сұрағына жауап берген Жұманғарин "қара шайға қант емес, тосап қосып ішемін" деген.

Қазақстанда қант тапшылығы мен қымбатшылығы наурызда, Украинаға басып кіргені үшін Ресейге Батыс санкция салған кезде-ақ пайда бола бастаған. Мамыр айының соңында БАҚ Ресейден қант алдыратын кей аймақтарда қант жетпей жатқанын хабарлаған. Кейін Қазақстанның барлық өңірінде қант күрт қымбаттаған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG