Accessibility links

Уфа соты Ресей әскеріне "тіл тигізгені үшін" музыкант Юрий Шевчукке айыппұл салды


Юрий Шевчук
Юрий Шевчук

Башқұртстанның астанасы Уфа қаласының соты Ресей әскеріне "тіл тигізгені үшін" ДДТ тобының лидері Юрий Шевчукке 50 мың рубль айыппұл салды. Оған музыканттың Уфа қаласындағы концерт кезінде Отан және соғыс туралы айтқан сөздері ілік болған.

Шевчуктің өзі сот отырысына қатыспаған. Оның қорғаушысы "Шевчуктің құқық бұзғандығына дәлел жоқ, полиция хаттаманы дұрыс толтырмаған" деген уәж айтқан.

Прокуратура Шевчук Ресей президенті Владимир Путиннің "арнаулы операция" туралы сөзіне күдік келтіріп, "напалеонсымақтың жоспары" деп атады, "сөйтіп Ресей әскеріне тіл тигізді" деп айыптаған.

Шевчук сотқа арналған сөзінде "кез келген елдегі соғысқа кез келген уақытта қарсы болып келгенін" мәлімдеп, 1980 жылдың өзінде "Атпа" деген ән жазғанын еске салған. Бұл әннің мәтінін Telegram арнасына "Агора" құқық қорғау тобының басшысы Павел Чиков салған.

Мамыр айының ортасында Уфа қаласында концерт өткізген Юрий Шевчук сахнада тұрып "Украинада қарттар, әйелдер мен балалар біздің кезекті Цезарымыздың әлдебір напалеонсымақ жоспары үшін өліп жатыр" деген еді. Ол "Отан дегеніміз – әрқашан сүйіп тұруды керек ететін президенттің к*ті емес" деген болатын.

Сол сөзі үшін Шевчукке "Ресей әскеріне тіл дигізді" деген әкімшілік хаттама толтырылған. Кейін сот "полиция хаттаманы қате толтырған, музыканттың Ресей әскеріне қалай тіл тигізгені нақты көрсетілмеген" деп қайтарған.

Биыл 24 ақпанда Украинаға басқыншылық бастаған Ресей көп ұзамай "Ресей әскеріне тіл тигізгені үшін" жауапқа тартатын заң қабылдаған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG