Accessibility links

"Оппозициядағы ескі гвардияның соңы". Саясаткер Балташ Тұрсымбаев ақтық сапарға аттанды


Саясаткер Балташ Тұрсымбаевты ақтық сапарға шығарып салу рәсімі. Алматы, 16 тамыз 2022 жыл
Саясаткер Балташ Тұрсымбаевты ақтық сапарға шығарып салу рәсімі. Алматы, 16 тамыз 2022 жыл

16 тамызда Алматыда халық қоғам қайраткері, оппозициядағы саясаткер Балташ Тұрсымбаевты ақтық сапарға шығарып салды.

Саясаткер 14 тамыз күні 76 жасқа қараған шағында жүрек талмасы ұстап, кенеттен көз жұмған.

Тұрсымбаевпен қоштасу рәсімі "Ғылым ордасы" ғимаратында өтті. Қаралы рәсімге туыстары, үзеңгілестері мен достары келді. Саясаткердің туыстарына Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаев жеделхатпен көңіл айтқан.

Балташ Тұрсымбаев 90-жылдары премьер-министрдің орынбасары, ауыл-шаруашылығы министрі, Қостанай облысының әкімі, қауіпсіздік кеңесінің хатшысы қызметтерін атқарған. Қазақстанның арнаулы елшісі, Түркиядағы төтенше және өкілетті елшісі болды.

Ол жоғары қызметте жүріп сол кездегі президент Нұрсұлтан Назарбаевтың ауыл шаруашылығына байланысты экономикалық реформаларын сынады.

Қызметінен кетіп, оппозиция қатарына қосылған соң Нұрсұлтан Назарбаевтың шексіз билікке ие болғанын, сайлаудың әділ өтпейтінін, елді жемқорлық жайлағанын, қарапайым азаматтардың құқығы сақталмайтынын айтты.

– Жоғары шенділерге айқайлап айтса да, ашуланса да, онысы - ақыл еді. Сабырмен сөйлейтін салмақты сөзі бар еді. Соны билік ұға алды ма? Өкінішке қарай жоқ. Егер ұқса, түсінсе Қазақстанда көп қателік кетпес еді,- дейді саясаткер Рысбек Сәрсенбай.

"Дат" газетінің жетекшісі Ермұрат Бапи Балташ Тұрсымбаевты "оппозициядағы ескі гвардияның соңы" деп сипаттады.

- 90-жылдардан бері келе жатқан оппозицияның соңғы ірі өкілі еді. Бұл кісімен бірге тұтас бір дәуір көшті,- деді ол.

Қаралы рәсімге келген Алматы әкімінің орынбасары Арман Қырықбаев Балташ Тұрсымбаевтың мемлекеттік қызметтегі еңбегіне тоқтады.

– Балташ Тұрсымбаевтың еңбегі тәуелсіз Қазақстанның саяси тарихынан лайықты орын алады. Мемлекеттің көптеген түйткілді мәселесіне әрдайым өз пікірін білдіріп, дербес позициясын ұстаған, от тілді, орақ ауызды, жаны жайсаң, тік мінез азамат ретінде есте қалады,- деді ол.

Балташ Тұрсымбаев өмірінің соңында "Ел мен Жер" деп аталатын партия құратынын мәлімдеген, түрлі себептермен жаңа ұйым тіркелмеген.

Ол биыл Қаңтар оқиғасынан кейінгі билікті "саяси қуғын-сүргін ұйымдастырды" деп санып, тергеуді ашық жүргізуді талап етті, Қаңтар оқиғасында жапа шеккендер ісімен айналысатын тәуелсіз комиссия құрушылардың бірі болды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG