Accessibility links

"Баламның сүйегін бір жарым айдан соң таптым". Қаңтар оқиғасында оққа ұшқан 17 жастағы бозбала


Қаңтар оқиғасында қаза тапқан 17 жастағы Абылай Ергеш пен анасы Жанар Дүйсебаева. (Отбасылық архивтен)
Қаңтар оқиғасында қаза тапқан 17 жастағы Абылай Ергеш пен анасы Жанар Дүйсебаева. (Отбасылық архивтен)

Шымкентте Қаңтар оқиғасында басы мен ішіне оқ тиіп қаза болған 17 жастағы Абылай Ергештің мәйітін туыстары бір жарым ай өткенде мәйітханадан тапқан. Оқиға орнына кіммен не мақсатта барғаны, кім қандай жағдайда оқ атқаны оның отбасына әлі жұмбақ. Анасы "баламның өлімін дауламаймын, уақыттың еншісіне қалдырдым" дейді. Ал қаза тапқан бозбаланың үстінен "Жаппай тәртіпсіздік" бабымен қылмыстық іс қозғалған.

Абылай анасы Жанар Дүйсебаеваның жалғыз жұбанышы еді. Әпкесі Алматыда оқиды, ал Абылай анасымен бірге Шымкентте тұратын. Әкесі 4 жыл бұрын өмірден қайтқан. Абылай – әкесінің жалғыз тұяғы, анасының ертеңгі үміті, көзінің қарашығы болатын.

Қапыда баласынан айырылған Жанар қазір жиі дұға жасайды, жұма сайын жеті шелпек пісіріп, құран оқытады. Абылайдың бөлмесіне шырақ жағады; ұлының арман-тілегі, мақсат-мұраты жазылған қойын дәптерін кеудесіне басып, ауыр күрсінеді. Баласының келбетін, мінезін, айтқан сөздерін жиі еске алады, сағынады, көңілі құлазиды. Көзінің жасын сығып алып, белін бекем буып жұмысына шығады. Жанар жұмысқа кеткенде ұлымен тұрған үй кешке дейін қаңырап бос қалады.

Қаңтар оқиғасында қаза болған Абылай Ергеш анасы Дүйсебаевамен тұрған үй.
Қаңтар оқиғасында қаза болған Абылай Ергеш анасы Дүйсебаевамен тұрған үй.

– Үйді көрдіңіз бе? – дейді Жанар күрсініп. – Әбекем (анасы Абылайды еркелетіп осылай атайтын – Ред.) осы үйді құрылысшылардың басы-қасында жүріп өзі салған еді. Жас болса да жұмысқа ерте араласты. Ұлымды үйлендіремін, немерелеріммен осы үйде тұрамын деп армандадым. Тағдырдың жазғаны шығар. Ұлым енді бұл үйге қайтып келмейді. Балам адамдармен тез тіл табысатын. Ешкімнің артына тығылмайтын, еркін жүрді, тазалықты жақсы көретін. Қарыз алғанды жек көретін. Мінезді еді. Көпшілік оның атын атамай "Әбеке, біздің Әбеке" дейтін. Қаза болғанын естігенде жыламаған адам қалмады.

"ҚАНЫ ТАЗА, ІШІМДІК ІШПЕГЕН"

Абылай Ергеш Шымкенттегі Өзбекәлі Жәнібеков атындағы №19 мектептің 9-сыныбын бітіріп, Алматы транспорт колледжіне оқуға түскен еді. Пандемияға байланысты сабақ онлайн өткен соң екінші курста оқуын Шымкентке ауыстырған. Туған қаласына оралған соң жүк тасып нәпақа тауып жүрген еді. Кәмелет жасқа толған соң шетелге жұмыс істеуге кетуді жоспарлап жүрген.

Қаңтар оқиғасында қаза болған Абылай Ергеш
Қаңтар оқиғасында қаза болған Абылай Ергеш

– 22 қаңтар – баламның туған күні. 18 жасқа толғаннан кейін шетелге жұмыс істеуге кетемін деп дайындалып жүрді, құжаттарын да алған. 4 қаңтар күні кешке достарының үйінде болды. Қалада митинг басталды деген соң хабарласып, "ешқайда барма" дедім. "Мама, бармаймын" деді. Соңғы сөйлескеніміз – осы, – дейді Жанар Дүйсебаева.

Шымкентте 6 қаңтарға қараған күні наразылыққа шыққандарға оқ атылып, жүзден аса адам түрлі жарақатпен ауруханаға түсті. Бірнеше адамның қаза болғаны жайлы бейресми ақпарат та тарады, қаланы белгісіздік пен үрей басты. Жанар жалғыз ұлын таппай аласұрғанымен оны ашық іздеуге жүрексінді. Достарының үйінде болар деген үміті болды, бірақ Абылай үйіне оралмады, полиция бөлімшелеріне жеткізілгендердің де арасында болмады, мәйітхана тізімінде де аты-жөні жазылмады. 18 қаңтарда Жанар Дүйсебаева полицияға ұлының жоғалғаны жөнінде арызданды. Ал баласының сүйегін 19 ақпанда Шымкенттегі мәйітханадан табады.

- Балам жоғалды деп арыз жазған күні үйде полиция қаптап кетті, үйді тінтті. Ұлымды полиция да таппады. Зираттарға дейін іздеп бардық, із-түссіз жоқ. Баламды өлімге қимадым, іздедім. Бір күні мәйітханада "шетел азаматы болуы мүмкін" деген күдікпен бір адамның мәйіті жатқанын естідік. Баламның жағында тыртығы мен денесінде қалы болатын. Кірсем, аппақ, мұздай, маңдайы жарқыраған қалпында жатыр екен, есімнен танып үстіне құладым. Баламның сүйегін бір жарым ай дегенде таптым, – дейді Жанар Дүйсебаева.

Абылай Ергешті туыстары 20 ақпанда Шымкентке жерледі. Екі күннен кейін прокуратура марқұмның анасын тергеуге шақырып, Абылайдың үстінен "Жаппай тәртіпсіздік" бабымен қозғалған қылмыстық іспен таныстырған. Тергеушілер қара жамылған анаға тергеу сараптамасының қорытындысын беріп, баласының "қаны таза, ішімдік ішпегенін" көрсеткен. Мұны естігенде ол дауыстап жылап жібергенін айтады.

Өртенген көлік жанында тұрған қарулы полиция қызметкері. Шымкент, 6 қаңтар 2022 жыл.
Өртенген көлік жанында тұрған қарулы полиция қызметкері. Шымкент, 6 қаңтар 2022 жыл.

11 сәуірде Шымкент қалалық прокуратурасы Қаңтар оқиғасында қаза тапқан 20 адамның өліміне байланысты "Адам өлтіру" бабымен жүргізілген тергеуді тоқтату туралы қаулы шығарған. Тергеу қаулысында Абылай Ергеш 6 қаңтарға қараған түні қала әкімдігінің алдында басы мен ішіне оқ тиіп, ауруханаға жеткізілгені, бірақ дәрігерлер оны аман алып қала алмағаны жазылған. Ол аурухана мен мәйітханада "белгісіз азамат, азиат нәсілді ер адам" деп тіркелген. Тергеу құжатында бозбаланың қанына химия-токсикологиялық тексеріс жасалғаны, нәтижесінде "этил спирті анықталмағаны" жазылған.

Жанар Дүйсебаева баласының қала әкімдігі алдында өткен наразылыққа кіммен, қалай, не мақсатта барғанын әлі күнге білмейді. Оған кім, неге оқ атқанынан да хабарсыз.

"БАЛАМНЫҢ ӨЛІМІН ДАУЛАМАЙМЫН"

Шымкентте қаза болған 20 адамның өліміне қатысты тергеу тоқтағанымен, олардың үстінен "Жаппай тәртіпсіздік" бабымен қозғалған қылмыстық іс әлі тергеліп жатыр. Жанар Дүйсебаева істің қалай жүріп жатқанынан хабарсыз, прокуратура тергеу құпиялығына байланысты ақпарат беруден бас тартты

– Баламның өлімін өкіметтен дауламаймын. Таусылып жылайын, өлімін даулайын, бірақ балам тіріліп келмейді. Қазір маған баламды лаңкес деп таныса да маңызды емес. Оның ақ екеніне еш күмәнім жоқ. Иә, сағынамын, жатсам, тұрсам есімнен кетпейді. Бірақ тереңірек ойлануға қорқамын. Денсаулығым сыр беріп, мүгедек болып қалсам маған кім қарайды? Күйеуім жоқ, қорғаным жоқ. Қаршадай қызымның ертеңіне алаңдаймын, – дейді ол дауысы дірілдеп.

Ұлынан айырылған Жанар Қаңтар оқиғасында қаза болған адамдардың өлімінің құпиясы уақыт келгенде ашылады деп үміттенеді, оларды "жаппай тәртіпсіздікке қатысты" деп айыптағанымен, кезі келгенде ақталатынына сенеді.

Жаңаөзенде сұйытылған газ бағасына қарсы болған жұртты Шымкент халқы да қолдап, 4 қаңтарда әлеуметтік мәселелерді айтып наразылыққа шыққан. Бейбіт басталған наразылықтың соңы жаппай тәртіпсіздікке ұласып, 6 қаңтарда Шымкентте оқ атылды. Қала прокуратурасы Қаңтар оқиғасы кезінде 20 адам қаза тапқанын мәлімдеді. Оқтан мерт болған 20 адамның үстінен "Жаппай тәртіпсіздік" бабымен іс қозғалған соң марқұмдардың туыстары биліктен істі тоқтатып, оққа ұшқандарды "бейбіт тұрғын" деп тануды талап етіп жүр.

Шымкент әкімдігі алдындағы алаңда өртенген көліктер. 6 қаңтар 2022 жыл.
Шымкент әкімдігі алдындағы алаңда өртенген көліктер. 6 қаңтар 2022 жыл.

Қазақстанның бірнеше қаласында болған Қаңтар оқиғасынан ресми мәлімет бойынша 230 адам қаза тапқан, тағы сегіз адам тергеу изоляторындағы азаптаудан көз жұмды. Билік пен сарапшылар 5 қаңтарда дейін болған әлеуметтік мәселелер көтерілген наразылықты бөлек, 5 қаңтардан кейінгі жаппай тәртіпсіздікті бөлек қарастырады. Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 5 қаңтарда Алматы қаласында және басқа да қалаларда әкімдіктер мен мемлекеттік мекемелер қираған тұста күштік құрылымдарға ескертусіз оқ атуға бұйрық берген. Бұған қоса, Тоқаев жаппай тәртіпсіздікке қатысу үшін шетелден "бандиттер" мен "террористер" келгенін айтты, ал билік бұл оқиғаны "мемлекеттік төңкеріске талпыныс" деді. Ақорда "бандиттердің" нақты кім екенін, "төңкерісті кім жасамақ болғанын" ашып айтпады.

Қаңтар оқиғасынан соң мыңдаған адам ұсталып, "терроризм", "жаппай тәртіпсіздікті ұйымдастыру", "тәртіпсіздікке қатысу", "қару ұрлау", "тонау" айыптарымен істі болды. Қаңтар қырғыны кезінде қаза болғандардың ісінен де іс қозғалған. Қазірге дейін Қаңтар оқиғасына байланысты кемі 717 адам жазаланды, оның ішінде 92 адам түрме жазасына кесілді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG