Accessibility links

"Московский комсомолец" тілшісін Рақышев пен Османовты "бопсалау ісі" бойынша тергеді


Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаев (оң жақта) және Ресей олигархы Әлішер Османов.
Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаев (оң жақта) және Ресей олигархы Әлішер Османов.

Сейсенбі күні полиция "Московский комсомолец" басылымының тілшісі Лев Сперанскийдің пәтерін тінтіп, артынша тергеу комитетіне тергеуге алып барған. Журналист адвокатының хабарлауынша, ақша бопсалау және жала жабу баптары бойынша қылмыстық іс қозғалған.

Сперанский мәліметіне қарағанда, қылмыстық істер Ресейдегі ең бай адамдардың бірі Әлішер Османов пен қазақстандық миллионер Кеңес Рақышевтен ақша бопсалау ісіне қатысты ашылған.

Тінту кезінде журналистің телефоны, флешкалары мен компьютері тәркіленген. Бұған қоса, полиция қызметкерлері Сперанскийге жүкті әйеліне жедел жәрдем шақыруға, "Московский комсомолец" редакциясымен немесе адвокатпен хабарласуға рұқсат бермеген.

Кейін "ОВД-Инфо" жобасы журналисті тергеуден соң босатқанын хабарлады. Куәгер деп танылған Сперанскийге ешқандай шектеу шарасы қолданылмаған.

Baza телеграм-арнасының журналисімен сөйлескен Сперанский тергеу кезінде одан "ВЧК-ОГПУ" телеграм-арнасы туралы сұрағанын айтқан. Бұл арнаға 400 мың адам жазылған. Онда көбіне Ресей арнайы қызметінің әрекеттері туралы жазбалар жарияланады. Сперанский – қылмыс және заң, оның ішінде арнайы қызмет туралы жиі жазатын журналист.

Өткен аптада Мәскеуде үш ірі телеграм-арнаның алты бірдей әкімшісі екі айға қамалған. Олардың үшеуіне мемлекеттік Промсвязьбанктен ақша бопсалады деген айып тағылған, қалған үшеуі алаяқтық жасады деген күдікпен ұсталған.

Олардың арасында "Коммерсантъ" пен "Известия" басылымдарының бұрынғы журналисі Александра Баязитова бар. Баязитова – “Адские бабки” телеграм-арнасының авторы, журналист-фрилансер.

Forbes журналының ресейлік нұсқасының мәліметінше, Әлішер Османов Ресейдегі бай адамдар тізімінде жетінші орында тұр. Оның байлығы 11,5 млрд доллар деп бағаланды. Басылым есебінше, миллиардер бір жылда шамамен 7 миллиард доллар капиталынан айрылған.

Forbes журналының қазақстандық нұсқасының мәліметінше, Кеңес Рақышев Қазақстандағы бай адамдар тізімінде тоғызыншы орында тұр. Басылым оның байлығын 960 миллион доллар деп бағалады.

XS
SM
MD
LG