Accessibility links

ШҚО соты Қаңтар оқиғасында ұсталған белсендіні қамауда қалдырды


Белсенді Фарит Ишмұхаметов.
Белсенді Фарит Ишмұхаметов.

15 тамызда Шығыс Қазақстан облысының соты Қаңтар оқиғасы кезінде ұсталған белсенді Фарит Ишмұхаметовтің бұлтартпас шарасын өзгерту туралы апелляция шағымын қарады. Белсендінің адвокатының айтуынша, сот алдыңғы шешімді "заңды" деп танып, Ишмұхаметовті қамаудан босатпаған. Белсенді Өскемендегі тергеу изоляторында отыр.

—Тергеу амалдары мүлде жүріп жатпаса да, олар қамау мерзімін ұзарта береді. Қала бойынша 60-тан астам іс бар, олардың барлығы іс жүзінде бірдей. Ишмұхаметовті не үшін айыптап отырғаны белгісіз. Жалпы айтады, бірақ нақты айғақ жоқ, – деді адвокат Айжан Дәрібаева Азаттыққа.

Адвокаттың сөзіне қарағанда, Қаңтарда ұсталған өзге азаматтар тәрізді Фарит Ишмұхаметовке де кінәні мойындау туралы процессуалдық келісімге келуді ұсынған. Оған қол қойғандарды әдетте, үйқамаққа немесе ешқайда кетпеу туралы қолхатпен үйге жібереді.

—Егер қол қойсаң, жылдам босатады. Кінәсі видеомен дәлелденген адамдар бар, олар тағылған айыпты мойындаған. Оларды да үйқамаққа, ешқайда кетпеу туралы қолхатпен босатып жатыр. Ал Фарит кінәні мойындау туралы келісімге қол қоюдан бас тартқан: "Жасамаған нәрсені мойындамаймын" деп отыр, – дейді адвокат.

Құқық қорғаушылардың мәліметінше, Фарит Ишмұхаметов 5-6 қаңтар күндері Семей орталық алаңындағы митингіге қатысқан. Ақпаратқа қарағанда, Ишмұхаметов наразылықтың бейбіт өтуі маңызды екенін айтқан. Алайда полиция оны және наразылыққа қатысқан өзге азаматтарды ұстап, резеңке таяқпен ұрған. Белсенді 7 қаңтарда кешке босатылған, ертесінде шақырумен полиция бөлімшесіне барған. Сол жерде ұсталып, Өскеменге этаппен жіберілген.

Ишмұхаметовке "жаппай тәртіпсіздік" бабынан бөлек "ғимаратқа басып кіру" бабы бойынша да айып тағылып отыр. Бұл бап бойынша 8-ден 15 жылға дейін түрме жазасы қарастырылған.

– Билік бейбіт наразыларды күш қолданғандардан ажыратамыз, олар қудаланбайды деп уәде бергенмен кейбір жағдайда биліктің оқиғаны саяси оппозиция мен бейбіт азаматтық белсенділерді қудалау үшін қолданғанына куә болып отырмыз, – деген еді құқық қорғаушы Евгений Жовтис шілдеде Қаңтар оқиғасына арналған жиында.

Фарит Ишмұхаметов 2016 жылы Жер митингілеріне қатысқаны үшін де, 2018 жылы саяси тұтқындарды босатуды талап еткені үшін де қамалған. Қазақстан құқық қорғаушылары оны саяси тұтқындар қатарына қосқан.

XS
SM
MD
LG