Қырғызстан президенті Садыр Жапаров қорғаныс министрі Бақтыбек Бекболатовқа қатаң сөгіс жариялады. Бұған министрдің жүктелген міндетті қажетті дәрежеде орындамауы негіз болды, деп хабарлады мемлекет басшысының баспасөз қызметі.
Қорғаныс министрі кезекті әскери қызметкер өлімінен кейін тәртіптік жазаға тартылды. 18 тамызда Қырғызстан қарулы күштеріне қарасты әскери институтта 19 жастағы жауынгер мерт болған. Ведомство болжамынша, жауынгер өзіне оқ атқан.
"Қызметтік тексеріс тағайындалды. Бішкек гарнизонының әскери прокуратурасы оқиғаны тексеріп жатыр" деді қорғаныс министрлігі.
Қаза болған жауынгер Сырғақ Сабырбековтің бауыры Азаттықтың Қырғыз қызметіне бауырының маңдайына оқ тигенін айтты.
Ал қорғаныс министрі Бақтыбек Бекболатов Азаттыққа оқиға тексеріледі, жауынгер өлімінің жай-жапсары содан кейін белгілі болады деді. Ол мұндай жайттар "жас жігіттердің армияға дайын еместігін" айғақтайды деп мәлімдеді.
Туыстары марқұмның денесіне сот-медицина сараптамасы жүргізілгеннен кейін туған жері Ыстықкөлге жіберілгенін айтты. Сырғақ Сабырбеков былтыр күзде Қаракөл әскери коммисариатына шақырылған.
Кейінгі екі ай ішінде осымен төртінші жауынгер қаза болып отыр.
Қырғызстан бас прокуратурасының мәліметінше, 2020-2021 жылдары армияда шамамен он солдат өзіне қол жұмсаған. 2019 жылы елде 13 әскери қызметкер суицид жасады деп танылған. Бұдан бөлек, солдаттарға күш қолдану фактілері де тіркелген. Сарапшылар армияда әлімжеттік жағдайлары әлі жиі болатынын, соның салдарынан кейбір солдаттар мүгедекке айналғанын айтады.
Қазақстанда да әскерде қаза тапқандар, мертіккендер жиілеп барады. Жыл басынан бері ІІМ мен қорғаныс министрлігінің он шақты қызметкері қаза болған. Марқұмдардың туыстары да, қоғам да негізінен әскер мен оның басшыларына кінә артады. Ал ресми орындар мұның артында әлеуметтік себеп жатыр деген ойда.