Accessibility links

Франция президентінің кеңсесі: Путин МАГАТЭ миссиясын Запорожье АЭС-іне кіргізуге келісті


Запорожье атом электр станциясындағы жаттығу.

Ресей басшысы Владимир Путин Франция президенті Эммануэль Макронмен телефон әңгіме барысында МАГАТЭ миссиясын Запорожье атом электр станциясы аумағына кіргізуге келісетінін айтқан. Бұл жөнінде Франция президентінің кеңсесі хабарлады.

Елисей алаңының хабарламасына сәйкес, Макрон АЭС-ке МАГАТЭ сарапшылар миссиясын тезірек жіберу қажеттігін атап өтіп, сапар шарттарын Украина мен БҰҰ келісуі тиіс деген. Путин оған келіскен.

Кремльдің хабарлауынша, Путин Ресей жағы агенттік инспекторларына қажетті көмек беруге әзір екенін жеткізген.

18 тамызда Львовта Украина президенті Владимир Зеленский, Түркия басшысы Режеп Ердоған және БҰҰ бас хатшысы Антониу Гутерриш келіссөз жүргізген. Олар украин астығын тасымалдау, Запорожье АЭС-інің атқылануы, соғыстан кейін Украинаны қалпына келтіру мәселелерін талқылаған.

Антониу Гутерриш Запорожье АЭС-інен барлық әскер әкетілуі тиіс екенін айтқан.

"Атом электр станциясын қандай да бір әскери операцияның нысаны ретінде пайдалануға болмайды. Запорожье АЭС-ін азаматтық тұлғаларға қайтарып, станция аумағының қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша дереу келісім қажет" деді БҰҰ бас хатшысы.

19 тамызда БҰҰ бас хатшысы Одессаға барып, келіссөз жүргізген. Гутерриш мәлімдемесінде бір айдан астам уақыт ішінде Одесса мен өзге де украин порттарынан астық тиеген 25 кеме шыққанын, барлығы 600 тоннадан астам азық-түлік өнімдері әкетілгенін жазған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG