Accessibility links

Министрлік Лаоста "құлдыққа түстім" деп шағымданған Қазақстан азаматының арызы бойынша іс қозғалғанын хабарлады


Ішкі істер министрлігі. Көрнекі сурет.
Ішкі істер министрлігі. Көрнекі сурет.

Лаоста құлдыққа түстім деп шағымданған Қазақстан азаматының арызы бойынша қылмыстық іс қозғалды. Бұл жөнінде жексенбі күні ішкі істер министрлігі хабарлады.

Бұған дейін Анель Бермағанбетова есімді Қазақстан азаматы әлеуметтік желіде пост жариялап, Лаостағы үйлердің бірінде төрт күннен бері қамалып отырғанын хабарлаған. Айтуынша, оны жақсы қызмет береміз деп алдап, құлдыққа салмақ болған.

"Әлеуметтік желіде Қазақстан азаматының Лаостағы жағдайы жөнінде пост жарияланды. Аталған фактіге байланысты ҚР Қылмыстық кодексінің 126-бап, 1-бөлігі бойынша ("Адам ұрлаумен байланысты емес бостандықтан айыру") қылмыстық іс тіркелді. Сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды. Тергеу нәтижесі қосымша хабарланады. Оқиға жөнінде Қазақстан сыртқы істер министрлігіне хабар жіберілді. Жәбірленушінің бауырымен байланыс орнатылды. Бұдан бөлек, Қазақстан консулдығындағы департаментке хат жіберілді" деп жазылған министрлік хабарламасында.

Бір күн бұрын Анель Бермағанбетова Лаостағы ғимараттардың бірінде төрт күннен бері қамалып отырғанын айтып, жұмыс берушінің өзін алдап кеткеніне шағымданған еді. Айтуынша, ол Лаосқа клиенттермен жұмыс бойынша менеджер қызметіне орналасуы тиіс болған. Алайда жұмыс беруші енді оны ешқайда жібермейтінін, себебі оған 9 мың доллардан астам қаражат кетіргенін айтқан.

"Мен Лаос мемлекетінде тұтқында отырмын. Мұнда жалға алынған арнайы аумақ бар екен. Сол жерде осындай заңсыздықпен айналысады" деп жазды Бермағанбетова.

Жергілікті ақпарат құралдары Анель Бермағанбетованың актриса екенін жазды.

Қазақстан СІМ 21 тамызда түстен кейін хабарлама таратып, Әнел Бармағанбетоваға ешқандай қауіп төніп тұрмағанын, қазір мәселені шешуге күш салып жатқанын айтты. Ведомствоның хабарлауынша, Қазақстанның Вьетнамдағы елшілігі Лаостың сыртқы істер министрлігіне шығып, азаматқа барынша көмек көрсету туралы тиісті нота жолдаған. Лаос полициясы мәселені қолға алған. 22 тамызда елшілік Лаостың СІМ мен ІІМ өкілдерімен келіссөз жүргізеді.

"Біздің отандасымызға еш қауіп жоқ, ол дипломаттармен және туыстарымен үнемі байланыста. Оның ақпараты бойынша, құжаттары мен телефонын алып қоймаған, телефон мен интернет байланысын шектемеген, сондай-ақ күш қолданбаған. Таиландқа және одан әрі маршрут бойынша ол өз еркімен келді. Сондай-ақ, оның айтуынша, егер жұмыс берушілер оның ұшуына, тұруына және басқа да шығындарына жұмсаған қаржысын өтесе, оны жіберуге дайын" деп жазылған ведомство хабарламасында.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG