Accessibility links

Қазақстан шекаралас аудандардан дизель отынын әкететін шетелдіктерге бағаны қымбаттатты


Қазақстанда шекаралас аудандардағы дизель отынына арналған бөлшек сауда бағасын өзгертті. Мұнан былай дизель отыны шетелдіктерге қымбатқа сатылады. Бөлшек сауда бағасын белгілеу туралы энергетика министрлігінің бұйрығы 22 тамыздан бастап күшіне енеді.

Министрлік бұл шара дизель отынының тапшылығына жол бермеу үшін жасалып отырғанын айтады.

"Мынадай маркалы бензиннің бағасы бұрынғы деңгейде қалады: Аи-80 – 89 теңге. Қостанай және Солтүстік Қазақстан облыстарында Аи-92 және Аи-93 маркалы бензиннің бағасы литріне 187 теңге, Қазақстанның басқа облыстарында литріне 182 теңге, дизель отынының бағасы литріне 450 теңге болады,- дейді министрлік таратқан ақпаратта.

Бұл ақпаратта дизель отынына лимит белгіленгені айтылған. Қазақстанда берілген жүргізуші куәлігін көрсеткендерге литрін 230-260 теңгеден есептеліп, күніне 100 литр беріледі. Ал көлігінің Қазақстанда тіркелгені туралы куәлігін көрсеткендерге 230-260 теңгеден есептеліп, 300 литрге дейін сатылады.

"Қалған санаттағыларға, сондай-ақ көрсетілген лимиттерден жоғары дизель отыны литріне 450 теңгеден сатылады,-дейді министрлік.

Кейбір жерілікті БАҚ хабарына қарағанда өткен аптада Қазақстанның шекарадағы өңірлеріндегі жанар май бекеттерінде дизель отынын сатуға шектеу қойылған. Кейбір бекеттер талонмен, бір адамға 50 литрден ғана сатқан.

Бұл жағдайға түсініктеме берген энергетика министрлігі "дизель отынын шетелдік жүк көліктері құйып әкетіп жатқанын" айтқан.

Энергетика министрлігінің бүгінгі мәліметіне қарағанда, Қазақстанмен шектесетін Еуразия экономика одағына мүше елдерде дизель отынының бағасы Қазақстанның ішкі нарығындағы бағадан қымбат: Арменияда дизел отынының литрі 758 теңге, Ресейде 446 теңге, Қырғызстанда 412 теңге, Беларусьте 446 теңгеден сатылады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG