Әлеуметтануға арналған Ромир қызметі Ресей азаматтарының кейінгі алты айдағы медиа тұтынысы туралы зерттеуінің қорытындысын жариялаған. Зерттеу қорытындысына қарағанда, ақпаннан бері ресейліктер мемлекеттік телеарналаржы әлдеқайда аз көре бастаған. "Бірінші арна", "Россия-1" және "НТВ" секілді федералды деңгейдегі ірі арналардың аудиториясы төрттен біріне қысқарған.
"Биыл 24 ақпанда Ресей Украинаға басып кірген соң федералды телеарналар ойын-сауық бағдарламаларын күрт азайтып, жаңалықтар мен пропаганда материалдарын көбейтуіне байланысты болуы мүмкін" деп болжайды The Moscow Times. Мұндай гипотезаны НТВ арнасы рейтингте төртінші орынға түсіп, пропагандасы аздау РЕНТ ТВ-ның үшінші орынға көтерілгені растай түседі.
Соғыс басталғанға дейін "Бірінші арнаны" халықтың 33,7 пайызы көрсе, шілдеде 25,5 пайызға азайған. "Россия-1" көрілімі 30,9 пайыздан 23 пайызға, НТВ көрілімі 21,1 пайыздан 16,6 пайызға қысқарған.
Зерттеушілер Telegram интернет-қосымшасының күрт танымал болғанына назар аударған. Бастапқыда мессенжер ретінде ойластырылғанымен, кейін келе мұнда кәдімгі БАҚ-тан кем түспейтіндей жаңалықтар арнасы мен қоғамдық-саяси арналар пайда болған.
Telegram-арна аудиториясының ауқымы күніне 19,1 пайыздан 26,8 пайызға дейін өскен. Осылайша бүгінде Ресей азаматтары теледидар көргеннен гөрі, Telegram-арналарды көбірек оқитын болып шыққан.
ПІКІРЛЕР