Accessibility links

Әуезовтің "Америка әсерлері" очеркі қазақ, ағылшын тілдерінде басылып шықты


Мұхтар Әуезов "Америка әсерлері" очеркін 1960 жылғы АҚШ-қа сапары негізінде жазған.
Мұхтар Әуезов "Америка әсерлері" очеркін 1960 жылғы АҚШ-қа сапары негізінде жазған.

Қазақ жазушысы Мұхтар Әуезов 1960 жылы АҚШ-қа барған сапарынан кейін жазған "Америка әсерлері" очеркі қазақ және ағылшын тілінде кітап болып басылып шықты. 24 тамызда АҚШ-тың Алматыдағы бас консулдығы еңбектің тұсаукесерін өткізді.

Әуезовтің жолсапар очеркі бұған дейін өзге тілдерге аударылмаған. Еңбекті ағылшыншаға Деннис Кин мен Нұргүл Назарова аударған. Қазақ мәдениетін зерттеуші әрі идея авторы Деннис Кин Әуезовтің барғаны жайлы деректі америкалық БАҚ архивін ақтарғанда байқаған.

– Ол Нью-Йоркте, Вашингтонда болған. Тағы қайда барғанын зерттеп, деректерді жинап, мақала жаздым. Кейін осы жоба дүниеге келді, – дейді Кин.

Жобаның жарық көруіне АҚШ консулдығымен қатар Алматыдағы Әуезов музей үйі де атсалысқан. Тұсаукесерде сөз алған бас консул Кэролайн Сэвидж "очеркте жазушы қос әлемнің, қос халықтың ұқсас тұстарын таба алған" деген пікір айтты.

– Ол кезде АҚШ пен Совет одағы мәдени байланыс орната бастасақ, өзара түсіністік те дамиды деген келісімге қол қойған. Ең бірінші делегацияға өзге жазушылармен қатар Мұхтар Әуезовтің қосылғаны үлкен бақ, тарихи маңызы бар жайт деп ойлаймын, – деді дипломат.

Жобаның өзге де серіктестері бар. 1500 данамен басылған кітап жазушының 125 жылдық мерейтойы (2022 жылғы 28 қыркүйек) қарсаңында сатылымға шығарылмақ. Әзірге оқырман кітаптың электронды нұсқасын kitap.kz платформасынан тегін оқи алады.

Мұхтар Әуезов 1960 жылы КСРО жазушыларымен бір топта АҚШ мемлекеттік департаментінің шақыруымен Америкаға сапар шеккен. Ол Нью-Йорк пен Вашингтонды, Аризона мен Калифорния штаттарын бір ай бойы аралаған. "Америка әсерлері" осы сапар жайын баяндайды. Жазушы 1961 жылы қайтыс болып, туынды аяқталмай қалған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG