Маңғыстауда жалақыны 100 мың теңгеге өсіруді талап еткен “Қарақұдықмұнай” ЖШС мұнайшылары талаптарын тағы орындата алмады. Олар сот ереуілді "заңсыз" деп танығандықтан жұмысқа оралуға мәжбүр болған.
"Қарақұдықмұнай" компаниясы мұнайшыларының құқығын қорғаған заңгер Тахир Ердановтың Азаттыққа айтуынша, сот жұмыс берушінің талап-арызын қолдап “ереуілді заңсыз” деп таныған. Бірақ заңгер бұл шешімді апелляцияға беретінін айтады.
– Ереуілдеген мұнайшылардың жұмысқа шыққандарын естідім. Сот дүйсенбіде өтіп әдеттегідей “ереуіл заңсыз” деп таныған шешім шығарды. Маңғыстауда осы күнге дейін бірде-бір еңбек дауынан туындаған ереуілдің заңды деп танылғанын көргенім жоқ. Әрине шағым түсіреміз, - деді ол.
Ереуілдеген мұнайшылардың өздері “жеңіліп қалдық, компания жалақымызға 100 мың теңге қосуға қаржылық мүмкіндіктері бола тұра еңбегімізді қанап отыр, заң бізге қарсы жұмыс істейді” дейді.
“Қарақұдықмұнай” ЖШС мұнайшылары жұмыстарына сот шешімі шыққан күні яғни, 22 тамызда оралған. Жұмыс беруші ереуілді "заңсыз" деп тану туралы шағымды наразылық белсенділері деп танылған Серікбол Өтепов, Айбар Қартанбай, Ерлан Жұмасатов, Бауыржан Есенжанов, Берік Оңғаров, Болат Нұрманов, Құмарбек Қалиев, Бекболат Рамазанов, Бектас Көжеков, Ниязбек Қонақбаевқа қатысты түсірген. Жұмыс беруші мұнайшыларды “заңды сақтамады, ереуілдің қашан басталып аяқталатыны туралы ақпарат бермеді” деген уәж келтірген. Оны Маңғыстау ауданы сотының судьясы Әсел Досаева қарап, “ереуілді заңсыз деп тану” туралы шешімінің бірден жүзеге асырылатынын, бірақ оған бір айдың ішінде шағымдануға болатынын мәлімдеген.
Маңғыстаудағы “Қарақұдықмұнай” компаниясы мұнайшыларының ереуілі 17 тамызда басталған. Жұмысшылар ереуіл туралы жұмыс берушіге 8 тамызда ескерту жіберіп, 250 шақты адам қол қойған.
“Қарақұдықмұнай” мекемесінің бас директоры Лю Гуаньчун бұған дейін Азаттыққа мұнайшыларға әлеуметтік пакеттері бар төлемдер жасалып, ай сайын 25-30% шамасында сыйақы беріп келе жатқанын, бірақ компанияның қаржылық мәселесіне байланысты жалақыны өсіре алмайтынын айтқан.
“Қарақұдықмұнай” мұнайшылары бұл талапты наурыз айында да қойып, ереуілге шыққан.
Қытайлық “Қарақұдықмұнай” жауапкершілігі шектеулі серіктестігі 2006 жылы құрылған. Компания Ақтаудан 342 шақырымдағы Қарақұдықмұнай кенішін игерумен айналысады. Компанияда 500-ге тарта адам жұмыс істейді.
ПІКІРЛЕР