Шымкентте Қаңтар оқиғасына байланысты «Жаппай тәртіпсіздік» бабымен кінәлі танылып, 3 жыл 5 айға сотталған белсенді Қайрат Сұлтанбектің түрмеден жазылған екінші хаты 26 тамызда кешке жарияланды. Онда белсенді Еуроодақ және Еуропарламент депутаттарынан көмек сұрап, өміріне қауіп төнгенін мәлімдеген.
Белсендінің бұл жолғы хатын да оның әйелі белсенді Ардақ Сәтбаева хабарлады.
«Снайпер винтовкасынан атылған оқтан қайтыс болған жас жігіт Мейрамбек Шойбековтың өліміне куә болғаным үшін заңсыз сотталдым. Шымкент қаласындағы қауіпсіздігі орташа түрмеде мені өлтіретіні жөнінде хабар естідім. Өтініш, бұл заңсыздықты тоқтатыңыздар, көмек беріңіздер» делінген хатта.
Ардақ Сәтбаеваның Азаттыққа айтуынша, хатты күйеуі жұма күні адвокатынан беріп жіберген. «Ақпаратты ауызша алған. Кім қалай айтқаны белгісіз» дейді ол.
Бұл хаттан Сәуле ықшам ауданындағы ИЧ-167/11 тергеу изоляторының басшысы Ермек Жалғасбаев хабардар. Ол Сұлтанбекпен сөйлескенін айтты. Сұлтанбек қауіпсіздігі орташа түзету мекемесіне ауыстырылған кезде өміріне қауіп төнгенін айтқан.
«Біздің мекемеден оған келер қауіп жоқ» деді Жалғасбаев.
15 шілдеде Шымкент қаласының әл-Фараби аудандық соты Қаңтар оқиғасына байланысты Қылмыстық кодекстің "Жаппай тәртіпсіздік" бабы бойынша айыпталған белсенділер Жанмұрат Аштаевты 3 жыл бір айға, Ләззат Досмамбетовагы 3 жыл 7 айға, Қайрат Сұлтанбекті 3 жыл 5 айға түрмеге кескен. Олар жазасын қауіпсіздігі орташа түзеу мекемесінде өтейтін болған. Белсенділер үкіммен келіспей, апелляциялық шағым түсірген.
Қазақстан құқық қорғаушылары Қайрат Сұлтанбекті "саяси тұтқын" деп таныған.
23 тамыз күні Қайрат Сұлтанбектің түрмеден жолдаған алғашқы хаты жарияланған. Еуропарламент депутаттарының Қазақстанға сапары барысында ол БҰҰ және Еуроодаққа қайырылып, Қазақстан билігінің Қаңтар туралы ақпаратына сенбеуге үндеген. Еуропарламент депутаттарының реакциясы әзірге жарияланбады.
ПІКІРЛЕР