Accessibility links

Ұлыбритания қорғаныс министрлігі: Путиннің әскер көбейту жарлығы Ресейге Украинадағы соғыста көмектесе алуы неғайбыл


Украина күштері азат еткен аумақта қалған орыс солдатының киімі.
Украина күштері азат еткен аумақта қалған орыс солдатының киімі.

Владимир Путиннің әскер көбейту туралы жарлығы Ресейге Украинадағы соғыста көмектесе алуы неғайбыл. Ұлыбритания қорғаныс министрлігінің күн сайын жарияланатын кезекті хабарламасында осындай тұжырым жасалады.

Ұлыбритания қорғаныс министрлігінің атап өтуінше, Мәскеу армия санын еріктілер қатарын көбейту арқылы арттырмақшы ма әлде әскерге шақыру арқылы көбейтпекші ме, әзірге белгісіз.

Британ барлау қызметінің айтуынша, соғысқа өз еркімен баратындар сирек, ал армияда борышын өтейтіндер заң бойынша Ресей аумағынан тыс жерде қызмет етуге міндетті емес.

Ресей басшысы Владимир Путин армия күштерін 1 млн 902 мыңнан 2 млн 39 мыңға дейін жеткізу туралы жарлыққа қол қойған. 25 тамызда қол қойылған құжатқа сәйкес, әскери қызметкерлер саны 1 млн 13 мыңнан 1 млн 150 мыңға дейін көбейтілуі тиіс.

Жарлық 2023 жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енеді.

Кей сарапшылар Путиннің жарлығы мен әскер қатарын толтыруға тырысуы Кремльдің Украинада ұзақ соғысуға дайындалып жатқанын көрсетеді деп санайды.

Сарапшылар алты айдан астам уақытқа созылған соғыста Ресей әскері едәуір шығынға ұшырады дейді. АҚШ, Ұлыбритания мен Батыс елдерінің барлау қызметі Ресей жағынан қаза тапқандар мен жараланғандар саны 70-80 мыңға жетті дейді. Ресей қорғаныс министрлігі наурыздан бері әскер шығыны туралы ақпарат жариялауды доғарған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG