Accessibility links

Қазақстанның бірнеше қаласында әйелдердің зейнет жасын 58-ден асырмауды талап еткен жиын өтті


Әйелдердің зейнет жасын 58-ден асырмауды талап еткен жиын. Шымкент, 29 тамыз 2022 жыл
Әйелдердің зейнет жасын 58-ден асырмауды талап еткен жиын. Шымкент, 29 тамыз 2022 жыл

Бүгін Қазақстанның бірнеше ірі қаласы: Нұр-Сұлтан, Алматы, Ақтөбе және Шымкент қалаларында әйелдердің зейнет жасын 58-ден асырмауды талап еткен жиын өтті. Қазақстан әйелдері қозғалысы ұйымдастырған жиынға кейбір саяси партия өкілдері де келіп, бұл мәселені парламентте көтеруге уәде берген.

Түрлі қаладағы жиынның ұрандары ұқсас болды. Жиынға келгендер “Тек әйелдердің зейнет жасын көтеру - Конституцияны бұзу”, “Әйелдерге зейнетке шығу жасын - 58 жасты қайтарыңдар”, “Зейнет жасын көтерді, қайда жұмыс істейміз?” деген жазуы бар плакат ұстап шыққан. Жиынға келгендердің көбі зейнет жасына жақындаған, ұлттық стилдегі киім киіп, ақ орамал таққан әйелдер.

Олардың айтуынша, әсіресе "дене еңбегімен жұмыс істейтін әйелдерді ерлермен бірдей 63 жаста зейнетке шығару – қиянат".

Шымкент қаласындағы жиынға 30-дан астам адам қатысты. Жиынға келген 56 жастағы Аэлита Хасанова зауытта қара жұмыс істейтінін, жас ұлғайған сайын жұмыс істеудің қиындап бара жатқанын айтты.

Нұр-Сұлтан қаласындағы жиынға 100-ден аса адам қатысты. Бұл жиынға Маргарита Доценко Ақмола облысының Сандықтау ауданының Балкашино ауылынан арнайы келген.

- Қазірдің өзінде жұмысқа бармақ түгілі, орнымнан әрең тұрамын. Үкімет зейнет жасын 58-ден асырмасын,-дейді ол.

Әйелдер жасын 58-ден асырмады талап еткен жиын. Ақтөбе, 29 тамыз,
Әйелдер жасын 58-ден асырмады талап еткен жиын. Ақтөбе, 29 тамыз,

Нұр-Сұлтандағы жиынға парламенттегі "Ақ жол" партиясының өкілі Серік Түсіпов келіп, бұл мәселені парламентте көтеру қажеттігін" айтқан. Өзін "Қазақстан халықтық партиясының" өкілімін деп таныстырған Нұрдәулет Оразханов "әйелдердің зейнет жасын 58-ден асыруға өз партиясы әу бастан қарсы болғанын" мәлімдеген. Аталған екі партия да әйелдердің зейнет жасын ерлердің зейнет жасымен біртіндеп теңестіру туралы заң қабылданғанда парламентте отырған билікшіл партиялар саналады.

Митингіні Қазақстан әйелдері қозғалысы ұйымдастырған. Қозғалыс мұндай жиынның Қостанай, Павлодар, Семей қалаларында да өтетінін мәлімдеген. Осы тақырыптағы жиын биыл мамыр айында да Нұр-Сұлтан, Ақтөбе, Тараз, Қостанай және Семей қалаларында болған.

Бүгінгі жиынға жергілікті әкімдіктер рұқсат берген. Жиналғандарды полиция мен әкімдік қызметкерлері бақылап тұрды.

Қазақстан 2018 жылдан бастап әйелдердің зейнет жасын алты ай сайын көтеріп келеді. 2027 жылға қарай әйелдер ерлермен бірдей 63 жаста зейнетке шығуға тиіс. Биыл, 2022 жылы әйелдердің зейнет жасы 60,5 жыл болды.

Мемлект мұны "қартайғанда әйелдер өздерін зейнетақымен қамтамасыз ету үшін зейнет жасын біртіндеп ұлайғап отырмыз" деп түсіндіреді. Биыл мамыр айында Қазақстанның вице-премьері Ералы Тоғжанов үкімет әйелдердің кей санатының зейнет жасын төмендетуді көздеп отырғанын мәлімдеген. Кейінірек еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі "қолайлы нұсқаны" анықтау үшін есеп-қисап жасайтынын хабарлаған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG