Accessibility links

Ресей Дарья Дугинаға қастандық жасауға Украинаның тағы бір азаматы қатысқан деп есептейді


Дарья Дугинаға қастандық жасалған жер, архив
Дарья Дугинаға қастандық жасалған жер, архив

Ресейдің федералды қауіпсіздік қызметі "Орыс әлемінің" идеологы Дугиннің қызы Дарья Дугинаға қастандық жасауға қатысқан болуы мүмкін деп тағы бір адамның аты-жөнін жариялады. Қауіпсіздік қызметінің нұсқасына қарағанда, Дугинаға қастандықты ұйымдастыруға Украинаның азаматы Богдан Цыганенко қатысқан болуы мүмкін.

Федералды қауіпсіздік қызметі баспасөз бөлімінің хабарына қарағанда, "күдікті Цыганенко бұған дейін "қастандық жасады" деген күдікке ілінген Наталья Вовкпен бірге жарылғыш зат жинаған және Вовкқа автомобильдің жалған нөмірі мен құжатын жасап берген. Автомобиль нөмірі Қазақстан азаматы Юлия Зайкоға тиесілі ". Цыганенко Ресейге Эстония арқылы келіп, қастандықтан бір күн бұрын Ресейден кетіп қалған.

Арнаулы қызмет видеобақылау камераларынан көріністер жариялаған. Бір кадрда Цыганенко Ресейге кіріп келе жатады, екінші кадрда Вовкпен бір көлікте кетіп бара жатады.

Ресейдің арнаулы қызметі Цыганенко мен Вовкты Украинаның "диверсиялық террор тобының мүшелері" деп атайды. Киев қастандыққа қатысы жоқтығын айтқан.

"Орыс әлемінің" идеологы, оңшыл радикал "философ" Александр Дугиннің қызы Дарья Дугина 20 тамызда көлігі жарылып, қаза болған. Тергеу жүргізуші орындығының астына бомба қойылған деп санайды. Бастапқыда ол әкесімен бірге бір көлікке отырмақ болған, кейінірек Дугин басқа көлікке мініп кеткен.

"Ұлттық республикалық армия" деп аталатын бұрын белгісіз ұйым қастандыққа жауапкершілікті өзіне алған. Бұл ұйымның мәлімдемесін соғыс алдында Киевке өтіп кеткен мемлекеттік думаның бұрынғы депутаты Илья Пономарёв таратқан. Ол өзін Ресейдегі астыртын ұйымның өкілімін деп есептейді. Алайда мұндай ұйымның бар екеніне оның сөзінен басқа ешбір дәлел жоқ.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG