Accessibility links

Ереванда Internews қорының бұрынғы бас директоры Манана Асламазян қаза тапты


Манана Асламазян
Манана Асламазян

Internews қорының бұрынғы бас директоры, ТЭФИ премиясының лауреаты Ереванда мерт болды. Оны көлік қағып кетті. Бұл туралы Facebook желісінде журналист Виктор Мучник хабарлады.

"Бүгін Ереванда Манана Асламазян қаза тапты. Көлік қағып кетті. Отыз жыл дос болдық... Бүгін кешке кездесуіміз керек еді. Кездесе алмадық. Бір-бірімізге қоңырау шалмадық, бұл оның әдетінде жоқ еді. Іздеуге шықтық. Реанимацияда қолдан ештеңе келмейтінін айтты" деп жазды Мучник.

Манана Асламазян 1952 жылы 10 қаңтар күні Ереванда туған.

Ол Ресейде жүріп Internews қорын басқарды. Бұл қор штаб-пәтері АҚШ-та орналасқан Internews International қауымдастығына кіретін. Осылайша ол тәуелсіз БАҚ-ты қолдаумен айналысты.

2002 жылы Асламазян Телерадио хабарларын тарату қауымдастығына сайланды, бірақ бес жылдан кейін оны валюта контрабандасы бойынша қозғалған іс үшін мүшеліктен шығарды. Тергеу органдары оны Франциядан Ресейге рұқсат етілген сомадан, яғни 10 мың доллардан көп ақша әкелді деп айыптаған. Асламазян қолында бар-жоғы 9,5 мың евро болғанын, валюта бағамын ескермей қалғанын айтқан. Осыдан кейін ол Ресейден кетіп, қордағы жұмысын тәмамдаған. Көп ұзамай Internews қорының Ресейдегі бөлімі де жұмысын тоқтатты.

Асламазянды қолдайтын ашық хатқа Ресейдегі 1,2 мың журналист қол қойған. 2008 жылы Конституциялық соттың шешімімен журналиске қарсы қозғалған қылмыстық іс әкімшілік іске ауыстырылды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG