Accessibility links

Азат Еуропа/Азаттық радиосының президенті Джейми Флай тәжік президентіне наразылық хатын жолдады


Джейми Флай (сол жақта) Тәжікстан президенті Эмомали Рахмонмен қол алысып тұр. Цюрих, Швейцария, 7 қараша 2019 жыл.
Джейми Флай (сол жақта) Тәжікстан президенті Эмомали Рахмонмен қол алысып тұр. Цюрих, Швейцария, 7 қараша 2019 жыл.

"Азат Еуропа/Азаттық радиосының" президенті Джейми Флай Тәжікстан президенті Эмомали Рахмонға хат жолдап, "қайта басталған қуғындауға және Азаттықтың тәжік қызметінің (Озоди) журналистеріне кедергі жасау әрекетіне қарсы" екенін мәлімдеді.

Хат Тәжікстан президенті аппаратына 31 тамызда тапсырылды. Оған әзірге жауап берілмеді. Бірақ осыған дейін Душанбе БАҚ өкілдеріне еркін жұмыс істеуге елде барлық жағдай жасалғанын айтып келген.

Джейми Флай хатында Таулы Бадахшан автоном облысында мамыр айында болған оқиғалардан кейін Озоди радиосының журналистерін және олардың отбасы мүшелерін қорқытып-үркіту, қуғындау жиілеп кеткенін жазды.

"Озоди радиосы, "Настоящее время” телеканалы тілшілері мен олардың отбасы мүшелеріне шабуыл жасалды. Олардың кәсіби жұмысында қолданатын электрондық құралдары тартып алынды", - деп жазды Джейми Флай.

Ол Озоди радиосының қызметкерлеріне қарсы қысым және қорқытулар бойынша ондаған жағдай тіркелгенін айтып, мұндай оқиғалардың күннен күнге көбейіп бара жатқанына алаңдаушылығын жеткізді.

Биыл 17 мамырда Азаттықтың тәжік қызметінің журналисі таулы бадахшандық белсенді Улфатхоним Мамадшоевадан сұқбат алғаннан кейін соққыға жығылған. Соның ертесіне Мамадшоева Таулы Бадахшандағы тәртіпсіздікті ұйымдастырды деген күдікпен ұсталды.

Озоди радиосының Инстаграмдағы парақшасында 1,5 миллион, Ютубта 1,8 миллион жазылушысы бар. Радионың әлеуметтік желідегі парақшалары және сайты Тәжікстанда халық шынайы ақпарат алатын бірден-бір ақпарат көзі.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG