Accessibility links

Германия президенті Ресей православ шіркеуін соғысты қолдағаны үшін айыптады


Патриарх Кирилл.
Патриарх Кирилл.

Германия президенті Франк-Вальтер Штайнмер сәрсенбі, 31 тамыз күні Бүкіләлемдік шіркеу кеңесінің мәжілісінде Ресей православ шіркеуін соғысты қолдап отыр деп қатаң сынға алды.

РПШ басшылығы "Украинаға қарсы – діні бойынша бауырларына қарсы агрессиялық соғысты ақтап отыр" деп мәлімдеді ол. Германия президентінің сөзінше, Мәскеу патриархатының өкілдері "империялық қиялдар мен диктатура Құдайға жақын" деген насихат жүргізіп отыр.

Штайнмер Ресейдің Украинадағы соғысынан шіркеулердің де бүлініп жатқанын, "сенімі, санасы және сезімі жоғалмаған бірде-бір христиан бұдан Құдайдың қалауын көрмейтінін" атап өтті.

Карлсруэ қаласында өтіп жатқан конгреске РПШ өкілдері де қатысып жатыр. Штайнмер олармен диалог құруға қарсы емес екенін, бірақ диалог тек діни мәселелермен шектелмеуі тиіс екенін айтты.

"Құрбандар туралы, қылмыскерлер мен олардың сыбайластары туралы да айту керек" деді ол.

РПШ сыртқы байланыс бөлімінің басшысы митрополит Антоний Германия президентінің сөзін сынға алды. Оның айтуынша, Штайнмер мәлімдемесінде "негізсіз айып тағылған" және бұл мәлімдеме "Мәскеу патриархатының барлық гуманитарлық талпыныстарын жоққа шығарады". Ол Штайнмер сөзін ірі деген христианаралық ұйымға қысым көрсету деп атады.

РПШ басшысы патриарх Кирилл Ресейдің Украинаға басып кіруін айыптамады, керісінше оның сөздерінен соғысты қолдайтынын байқауға болады. РПШ-ның бірқатар иерархтары Ресей билігінің әрекетін ашық қолдады. РПШ құрамында өзін-өзі басқару құқығын ие болып келген Украина православ шіркеуі өз тәуелсіздігін жариялады.

Бүкіләлемдік шіркеу кеңесі – 300-ден астам шіркеудің басын қосатын ірі халықаралық ұйым. Құрамындағы шіркеулердің көбі протестант бағытында, десе де арасында православ шіркеулері де бар. Рим-католик шіркеуі бұл ұйымның жұмысына қатыспайды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG