Accessibility links

Қазақстанда әйелдер 2028 жылға дейін 61 жаста зейнетке шығады


Әйелдердің зейнетке шығу жасын төмендетуді талап еткен митинг.
Әйелдердің зейнетке шығу жасын төмендетуді талап еткен митинг.

Қазақстанда әйелдердің зейнетке шығу жасы қайта қаралады. Бұл туралы 1 қыркүйектегі жолдауында Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев айтты.

"Қоғамның талабын ескере отырып, әйелдердің зейнетке шығу жасы 2028 жылға дейін 61 жас болып қалады" деді Тоқаев одан кейін зейнет жасы қалай өзгеретінін нақтыламай.

Қазақстанда әйелдер былтырдан бері зейнетке шығу жасын төмендетуді талап етіп келеді. Тамыздың соңында бірнеше қалада осы талаппен бейбіт митингілер өтті.

Ел билігі әйелдердің зейнетке шығу жасын 2018 жылдан бері жыл сайын алты айға өсіріп келеді. 2022 жылдан бастап әйелдер зейнетке алпыс жарым жаста шығатын болған. Бастапқы жоспар бойынша, 2027 жылға дейін бұл меже 63-ке келіп тоқтауы керек еді.

Осыған дейін үкімет өкілдері әйелдердің осы бір талабына қайшылыққа толы жауап беріп келген. Биыл мамырда еңбек министрі Тамара Дүйсенова парламент сенатында журналистер сұрағана жауап бере отырып, қоғам талабы ескерілетінін, "мейлінше оңтайлы нұсқа" ұсынылатынын айтқан.

Сол айда Қазақстанның сол кездегі вице-премьері Ералы Тоғжанов үкімет тек жекелеген санаттағы азаматтар үшін ғана зейнетке шығу жасын төмендету мәселесін талқылайды деген.

Ал шілдеде үкімет басшысы Әлихан Смаилов зейнетке шығу жасын төмендету "зейнетақы қоры көлемінің азаюына және сол жүйеден төленетін төлемдердің қысқаруына" әкеледі деген. Осыдан кейін әйелдер митингіге шықты.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG