Accessibility links

Ресей соғыста 900-ден аса элиталы әскериінен айырылған


Ресей Украинадағы соғыстың алты айында 900-ден аса элиталы әскери қызметкерінен айырылған. Олардың қатарында ГРУ-дың арнайы қызметкерлері, теңіз әскерилері, десанттар, әскери ұшқыштар бар. Бұл туралы ВВС сайтының Орыс қызметі хабарлады.

Сайттың жазуынша, Ресей бұл әскерилерді дайындауға жылдар бойы миллиондаған доллар қаржы жұмсаған.

ВВС-дің Орыс қызметі, "Медиазона" сайты және еріктілер командасы ашық дереккөздер арқылы ГРУ-дың арнайы қызметінде істейтін 151 әскеридің, Росгвардияның 245 қызметкерінің соғыста қаза болғанын анықтаған. Журналистердің жазуынша, Росгвардия мен ГРУ-да қаза болған әрбір төртінші әскери – офицер.

Зерттеу авторлары арнайы қызметтің офицерлерін жоғалту Ресей әскеріне ауыр соққы екенін атап өткен. Себебі мұндай әскери мамандарды дайындауға кемі төрт жыл, одан кейін олардың ротаны басқаруға дайындауға тағы төрт жыл керек.

Росгвардияда қаза болған 245 әскеридің 16-сы – қызыл берет иегері. Росгвардияда қызыл берет кигендер арнайы қызметтің элитасы деп саналады.

Журналистердің зерттеуінше, Ресей Украинадағы соғыста көптеген десанттарынан да айырылған. Мәселен, Костромыдағы әуе-десанты әскерилерінің 331-гвардиялық полкі ең көп шығынға ұшыраған. Мұнда 80-нен аса десант қаза болған, олардың арасында полк командирі мен 20 офицер бар.

Аннексияланған Қырымда орналасқан 810-гвардиялық бригада теңіз әскерилерінің ішінен ең көп шығынға ұшыраған. Бригадада кемі 56 адам қаза тапқан, олардың арасында екі командир бар.

ВВС журналистерінің дерегінше, Украинадағы соғыста кемі 67 әскери ұшқыш қаза болған. Сайт бір әскери ұшқышты дайындауға 15-17 жыл және 12-14 млн доллар кететінін жазады.

  • Америкалық ЦРУ-дың есебінше, шілденің соңына дейін Ресей Украинадағы соғыста 15 мыңнан аса әскериінен айырылған. Ал Британияның барлаушылары маусымдағы есебінде Ресейдің 20 мың әскериі қаза тапқанын айтқан еді. Ал Украина әскерінің бас штабы Ресей 40 мың солдаты мен офицерінен айырылды деген.
  • Пентагонның тамыздың басында жариялаған есебінде Ресей Украинадағы соғыста 70-80 мың әскериін жоғалтқаны (қаза болғандар мен жараланғандар) айтылады.
  • Мәскеу соғыста қанша әскериінен айырылғанын жарияламай келеді. Ресей қорғаныс министрлігі тек 25 наурызда 1351 солдаттың қазасы жайлы хабарлама таратқан.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG