Accessibility links

"Бәйтерек" "Сбербанкті" сатып алды, бірақ холдинг банкті қанша алғанын айтпады


"Сбербанктің" Қазақстандағы бөлімшесі.
"Сбербанктің" Қазақстандағы бөлімшесі.

"Бәйтерек" ұлттық басқарушы холдингі ресейлік "Сбербанк тобының" Қазақстандағы еншілесі "Сбербанктың" акцияларының барлық пакетін салып алды. 2 қыркүйекте "Байтерек" "Сбербанк Қазақстанды" сатып алу бойынша мәміле аяқталғанын хабарлады.

"Бәйтерек" банкті қаншаға сатып алғанын айтпаған. Бірақ қазақстандық холдинг "мәміле өзара қолайлы қаржылық шарттармен жасалды және барлық қажетті реттеушілік мақұлдаудан өтті" деп мәлімдеді.

"Банк өз клиенттері алдындағы барлық міндеттемені орындауды жалғастырады, бұрынғы клиенттері үшін банк өнімдері бойынша барлық шарт өзгеріссіз қалады. Мәміле аясында банк белсенді операцияларды толық жаңартуға, депозиттер тартуға және төлемдер жүргізуге, сондай-ақ халық пен бизнеске арналған өнімдер мен қызметтерді дамытуға мүмкіндік алады. Жақын уақытта Сбербанк Қазақстанға ребрендинг жүргізілетін болады" деді холдинг мәлімдемесінде.

Мәскеу Украинаға басып кірген тұста Батыс елдері ресейлік "Сбербанкке" санкция салған. Маусымда "Бәйтерек" холдингі "Сбербанктің" Қазақстандағы бөлімін сатып алатыны айтылған. Қазақстан тарабы "Сбербанкте" қазақстандықтардың 350 млрд теңге (шамамен 800 млн доллар) депозиті бар деген.

Қазақстан билігі бірнеше рет жекеменшік банктерді мемлекет есебінен "құтқаруды" қою керек деп мәлімдеген еді. Бірақ "Бәйтерек" холдингінің жалғыз акционері Қазақстан үкіметі саналады. Үкімет холдингі басқарады, ал "Бәйтеректің директорлар кеңесіне премьер-министрі мен оның орынбасарлары және үш министр кіреді.

Украинада соғыс басталғанда АҚШ Ресейдің көптеген банкіне санкция салған. Олардың қатарында Қазақстанда да еншілес банктері бар Сбербанк, ВТБ. Альфа-банк бар. Мамырда "Центркредит банк" Альфа-банктің Қазақстандағы еншілесін толық сатып алып, атауын Eco Center Bank деп өзгерткен.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG