Accessibility links

Асқар Омаров ақпарат министрі қызметінен босатылды. Оның орнына Дархан Қыдырәлі тағайындалды


Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев (сол жақта) Дархан Қыдырәліні (оң жақта) қабылдаған сәт. 2 қыркүйек 2022 жыл.
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев (сол жақта) Дархан Қыдырәліні (оң жақта) қабылдаған сәт. 2 қыркүйек 2022 жыл.

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың жарлығымен Дархан Қыдырәлі ақпарат және қоғамдық даму министрі болып тағайындалды.

Ал бұған дейін осы министрлікті басқарған Асқар Омаров қызметінен босатылып, президент жанындағы "Орталық коммуникациялар қызметі" республикалық мемлекеттік мекемесінің директоры болды.

Бүгін, 2 қыркүйекте Ақорда Тоқаевтың Қыдырәліні қабылдағанын жазған. Кездесуде Қыдырәлі президентке Монғолияның Арханғай аймағы Номғон жазығындағы ғылыми археологиялық экспедиция жұмыстары кезінде табылған Құтлық Елтеріс қағанға арналған кешен мен жазулар туралы баяндаған.

Дархан Қыдырәлі бұған дейін түркі академиясының президенті, "Егемен Қазақстан" акционерлік қоғамының басқарма төрағасы болған еді. Бұл акционерлік қоғамға елдегі билікшіл газет "Егемен Қазақстан" қарайды. Бұған қоса, ол - билікшіл "Аманат" партиясы (бұрынғы "Нұр Отан") саяси кеңесі бюросының мүшесі.

Омаров министрлікті шамамен тоғыз айдай ғана басқарды. Ол бұл қызметке 11 қаңтарда тағайындалған еді. Омаров министр болғанда ресейлік Россотрудничество басшысы Евгений Примаков Омаровты "русофоб албасты" деп атап, онымен әріптес болмайтынын жазған.

Россотрудничество басшысы Омаровтың Екінші дүниежүзілік соғыс жайлы "аталарымыз тірі қайтпаған бөтен соғыстың түсініксіз жеңісі" туралы мәлімдемелеріне наразы болған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG