Accessibility links

Ақтөбе полициясы премьерді фотоға түсірмек болған журналист Ардақ Ерубаеваны сотқа берді


Журналист Ардақ Ерубаева Қаңтар оқиғасы кезінде хабар таратып жүр. 5 қаңтар 2022 жыл.
Журналист Ардақ Ерубаева Қаңтар оқиғасы кезінде хабар таратып жүр. 5 қаңтар 2022 жыл.

Ақтөбе полициясы журналист Ардақ Ерубаеваның үстінен "құқық қорғаушылардың заңды талабына бағынбады" деп сотқа шағымданған. Істі Ақтөбенің әкімшілік соты 2 қыркүйек түске дейін онлайн, кейін офлайн қарай бастаған.

- Жұма күні онлайн сот болады деп №2 учаскелік полиция пунктіне шақырған болатын. Полиция пункті жертөледе орналасқан екен. Байланыс сапасы нашар болып, жертөледен көшеге шығуға мәжбүр болдым. Түстен кейін сот офлайн форматта жалғасты, - дейді журналист Ардақ Ерубаева.

Сот мәжілісі кезінде Ерубаева адвокат талап еткендіктен істі қарау дүйсенбі 5 қыркүйекке қалған. Істі әкімшілік сот судьясы Есдәуір Мұратқан қарап жатыр.

31 тамызда Ақтөбеде Қазақстан премьер-министрі Әлихан Смайыловты суретке түсірмек болған журналист Ардақ Ерубаеваны полиция ұстап әкетіп, бөлімшеде үш сағаттай ұстап, "түсіндіру жұмысын" жүргізген болатын. Ақтөбе полициясы "Ардақ Ерубаева полиция қызметкерлерінің заңды талабына бағынбады, премьер Әлихан Смайыловтың Ақтөбеге сапары кезінде күзетілетін тұлғаның кортежіне қарай өтуге тырысты, тілшінің үстінде жилеткасы, қалтасында құжаты болмады" деген

Ардақ Ерубаева үстінде жилеткасы болмағанын растап, «қалтасында құжаты болмады», «кортежге қарай жүгірді» деген айыптауларды жоққа шығарып отыр.

Ардақ Ерубаева биылғы Қаңтар оқиғасынан кейін де "үйімді санкциясыз тінтті" деп полицияның өзіне шағымданған. Бірақ бұл шағым бойынша ішкі істер органдарынан еш жауап болмаған. 2022 жылғы 7 қаңтарға қараған түні полиция Ерубаеваның пәтерін тінтіп, өзін учаскеге алып кеткен еді. Полицияның қолында санкцияланбаған тінту туралы қаулы болған.

Журналист Ардақ Ерубаева - бірнеше сайтпен әріптес. Тілшінің сөзіне қарағанда, полиция Қаңтар оқиғасынан хабар таратқан оны түнгі сағат 2-ге дейін департаментте ұстап; Қазақстанда "экстремистік ұйым" деп танылған, ал Еуропарламент бейбіт оппозициялық ұйым деп атаған ҚДТ-ға қатысы бар-жоғын тергеп, артынша босатқан. Телефонын алып қалған. Ол кезде Ерубаеваның қолында қызметтік құжаты болған. "Пресса" деген жазуы бар кеудеше да киген.

Қазақстанда журналистің заңды кәсіби қызметіне кедергі жасау қылмыс саналады, ол үшін үш жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасына кесілуі мүмкін. Сарапшылардың айтуынша, журналистердің жұмысына кедергі жасағаны жайлы шағымдарының көбі аяқсыз қалады. "Шекарасыз тілшілер" халықаралық ұйымы жасаған "Сөз бостандығы индексінде" Қазақстан 180 елдің ішінде 122-орында тұр.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG