Accessibility links

Қостанай облысында орман өрті ауылдарды шарпып, тұрғындар эвакуацияланды


Қостанай облысы Әулиекөл ауданында орманнан шыққан өрт ауылдарға жетіп, Аманқарағай ауылы мен Озерный кентін өрт шарпыды. Бұл елдімекендерде үйлер өртенгені және адамдар эвакуацияланғаны хабарланды. Төтенше жағдай министрлігі мұнай базасы орналасқан Аманқарағай ауылына өрт сөндірушілер жіберілгенін мәлімдеді.

Өрт салдарынан Қостанай - Әулиекөл - Нұр-Сұлтан трассасы жабылған. Бұған қоса Калинино және Лесный ауылдарының да тұрғындарын басқа жаққа эвакуациялау басталған.

Төтенше жағдай министрлігінің 3 қыркүйек кешкі алтыдағы мәліметі бойынша, орман өрті үш мың гектар жерді шарпыған. Министрлік өрт сөндіруге 36 градус ыстық пен жел кері әсерін тигізіп жатқанын айтады. Ведомство екі тікұшақ өрт сөндіру үшін 36 тонна су шашқанын хабарлап, өрт сөндіруге үш өрт сөндіретін пойыз, 32 техника және 235 адам жұмылдырылғанын мәлімдеді.

Өрт сөндіру аймағына төтенше жағдай министрі Юрий Ильин ұшып кеткен. Ақорданың баспасөз хатшысы Руслан Желдібай президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қостанайға сапарында өрт сөндіру бойынша құрылған жедел штабтың жұмысымен танысатынын айтты.

Қостанай облысында 2 қыркүйекте Қазанбасы ауылынан 20 шақырым жерде орманда өрт шығып, жайыла бастаған. Қазгидрометтің болжамынша, Қостанай облысында алдағы күндері 38 градусқа дейінгі ыстық сақталмақ.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG