Шешенстан басшысы Рамзан Қадыров 3 қыркүйекте Телеграм-арнасында видео жариялап, қызметтен кету туралы ойларын айтты.
Қадыров Шешенстанды басқарғанына 15 жыл болғанын алға тартып, осы қызметте ең ұзақ отырған аймақ басшысы екенін еске салды.
"Кавказдықтарда мақал бар: Уақытында кеткен құрметті қонаққа сый-құрмет арта түседі. Сол айтқандай, менің де уақытым келген сияқты" деді.
Қадыров видеосынан кейін әлеуметтік желіде "ол шынымен де кетуге ұйғарды ма әлде осындай амалмен Кремльге жағынғысы келді ме" деген сұрақ қызу талқыланды.
Шешенстанды 2007 жылдан бері басқарып келе жатқан 45 жастағы Қадыров осы қызметте ең ұзақ отырған аймақ басшысы ретінде белгілі.
Ресейдегі ең ықпалды тұлғалардың бірі Қадыровтың отставкаға кеткеннен кейін немен айналысатыны белгісіз. Видео сипаттамасында "Ұзақ отырғанымды өзім де байқадым. Мерзімнен тыс ұзақ демалысқа лайықтымын деп есептеймін" деп жазылған. Алайда видеода бұл сөзді айтпайды.
Президент Владимир Путинмен тығыз қарым-қатынас орнатқан Рамзан Қадыров Кремль басшысымен кездесуге жиі шақырылады. Соңғы рет олар 5 тамызда Сочиде кездескен.
Қадыров мұндай мәлімдемелерді бұрын да жасаған, алайда әлі күнге дейін қызметінен кетпеді.